Жамбыл облысында әйелдерге арналған аяқ киімдер тігілетін болады

0 29

Жамбыл облысындағы   «ТаразКожОбувь» фабрикасы жақында әйелдерге арналған аяқ киім тігуді қолға алмақ. Бұл туралы зауыт директоры Еркебұлан Ералы мәлімдеді. Кәсіпорынның жұмысымен аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев танысты, -деп хабарлайды «Zhambylnews» АА. 

Алпыс жылдық тарихы бар «ТаразКожОбувь» ЖШС фабрикасында Кеңес одағы тұсында тәулігіне 6 миллион пар аяқкиім шығарылыпты. Ал өткен жылы фабрикада 125 мыңнан аса  аяқкиім тігілген.

Фабрика жақында әйелдер аяқ киімдерін тіге бастайды. Кеңес одағы кезінде әйелдердің етіктері одақ көлемінде ғана емес шет мемлекеттерде үлкен сұранысқа ие болған еді. Ширек ғасырға жуық тоқтап қалған цех жұмысын қайта жандандыру арқылы зауыт басшылығы өз имиджін қайтармақ ниетте.

Алайда,  «ТаразКожОбувь» ЖШС директоры Еркебұлан Ералының айтуынша, зауыт өнімін тараздықтар сатып алуға құлықсыз. Өйткені, Отандық өнімнен көрі шетелдің аяқ киімдерді сатып алғанды жөн көреді.

Фабрика Австрия, Чехия және Италияда жасалған заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Аяқ киім фабрикасы әскерилерге, құқық қорғау органдарына, күзет және құтқару қызметтеріне, әртүрлі өндірістік және өндірістік кәсіпорындардың жұмысшыларына арналған аяқ киім шығаруда.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев фабрикада болып, зауыт жұмысымен танысқаннан кейін:

-Біздің бай-манаптар мен мемлекеттік қызметкерлер міндетті түрде шетелдің аяқ киімді кию керек пе? Тараздың етігі сапа жағынан шыдамды, олардың ешқайсысынан кем түспейді. Біз өз өнімімізді сатып алмасақ оны кім алады? Елбасы Н.Назарбаев Алматыға барған іс-сапарында Отандық кастюмді бекер киген жоқ. Ол мемлекеттік қызметкерлерді Отандық өнімді қолдауға шақырды. Сол сияқты біз де Отандық өнімге қолдау білдірсек жеңіл өнеркәсіп жедел дамиды,- деді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.