Мені біреулер роман, повесть жазды деп жүр. Оның бәрі – өтірік сөз. Мен роман да, повесть те, көркем әңгіме де жазған адам емеспін. Мен басымнан не кештім, өз қолыммен не істедім, өз ойымнан не өткіздім – соның бәрін фотоға түсіргендей еске түскендерін жазып жүрген адаммын. Сондықтан менің жазғандарымның бәрін бұрынғы партизан отряды командирінің басынан кешкендері деп түсіну керек. Басымнан кешкен оқиғаларымның 70-80 пайызы енді жазылмайды, менімен бірге о дүниеге кетеді. Оны жазбады деп оқырман қауым маған өкпелей қоймас. Фашисі бар, Отанына опасыздық жасаған сатқыны бар, полицайлары бар, өз қолыммен қаншама адам өлтірдім. Демек, мен – қолы қанға боялған адаммын.
Кім біледі, менің өмірімнің ақыры ауыр болуы да мүмкін. Өйткені, қолы қан адам оның сазайын тартуы керек шығар. Бір кезде мен өзімнің бір кітабымда неміс халқына үндеу жарияладым. «Еңбекқор, талантты неміс халқы! Егер де менің қолымнан қанішер фашистерің қаза тапса, маған рахмет айтыңдар. Ал егер менің қолымнан байқаусызда, амалсыздан Гитлердің заңынан қорқып келген адал ұлдарың мерт болса, онда кешіріңдер мені. Мен оған кінәлі де емеспін. Кінәлі – Гитлер, фашизм», – дегенім бар. Сол айтқаным – айтқан.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі жазбасынан