Мен Мұқағали ағаны алғаш рет 1966 жылы өткен Қазақстан Жазушыларының бесінші съезіне келгенімде көрдім. Мен сонда, ең жас делегат болуым керек. Жамбыл медицина институтының студенті едім. Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев өлеңдерін жаттап алып жүретін кезіміз.
Алматыны алғаш көрген мен «Иссык» мейманханасының алдында қалай қарай жүрерімді білмей кідіріп тұрғанмын. Сол маңда жүрген жігіттердің біреуі «Мұқағали келе жатыр!» – деді де жалт бұрылып ішке кіріп кетті. Оның сөзі мен үшін «Пушкин келе жатыр» дегендей естілді. Есімде қалғаны – қапсағай денелі, биік бойы, ірі келбеті. Жанында біреу бар еді, оған назар аудара алмадым. Көзім тесіп бара жатқан болу керек, Мұқаң өзінің «Сен маған шарфыңды бер, шарфыңды бер» деген өлеңін оқи жақындады. Мен іліп алып, келесі шумақтарын жатқа жалғастырдым. Алдында ғана журналдан оқығанмын. Мұқағали ағаның қуанып кеткенін байқадым.
– Өзің батыр баласың ғой! Өлең жазасың ба? – деп жауабымды күтпестен жанындағы жігітке қарап: «Бізді суретке тарт» – деді.
Өзі бір баспалдақ төмен тұрып:
Биік болса болғаны болашағым,
Мен аласамын,
Өмір сахнасына алған заңды
билетім бар,
Заңды орныма таласамын, – деген шумағын оқыды.
– Ақын болу оңай емес, бауырым!
– Осыны айтып, аздап аяғандай ма, бетіме қарап тұрды да, – өлеңдерің болса «Жұлдызға» тастап кет, – жолың болсын! – деп, тез қоштасып, қонақ үйге беттеді.
Жуырда қолыма тиген мына сурет өлең дүниесіне соқпақ іздеп шыққан сонау жылдардың нәзік сәулелерін есіме түсірді. Сол соқпақтың басында ұлы ақын бізге бір сабақ нұрдай ақ тілек тілеген екен!
12 ақпан, 1993 жыл