Алғаш өлең жаза бастағанымда бір танымал ақынның: «Сен геологсың ғой, сол мұнайыңды іздей берсеңші, ал поэзияны мына біздерге қалдыр», – деп үгіттегені бар. Тарихпен шұғылданған кезімде академиктер: «Сен ақынсың ғой, дұрысы өлеңіңді жазсаңшы», – деп ақыл айта бастады. Бизнеспен ел айтқандай түсінікте шұғылданбаймын. Өзім басқарған Қазақстан Халық Конгресі партиясы мен «Невада-Семей» қозғалысының іскер топтарының бюрократтық тосқауылдардан өтуіне жәрдемдесем. Өйткені «Халық денсаулығы» деген жалпы атпен қолға алып отырған бағдарламаны іс жүзіне асыру үшін бізге ақша қажет. Ал «өз шаруам», «өзгенің шаруасы» дегенге келетін болсақ, мен өз бағыт-бағдарымды баяғыдан-ақ айқындаған адаммын. Нендей іспен айналыссам да мен ең әуелі ақынмын, ал ақындық мен үшін кәсіп емес, арым мен жанымның көңіл күйі. Мен ылғи да таразы басының теңсіз тұрған жағына болысқым келеді. Әсірелеп айтар болсақ – әділдік бұзылған тұстарға жиі араласам. Азия мен Африканың және күні кешегі өзіміздің бауырлас елдердің өрт шалған жерлерінің бәрінде де болдым дей аламын. Сондағы бастан кешкен, жүрегімді сыздатқан қасіретті жайлардың біздің «лап ете түсер оттыққа» толы үйімізде болмауы үшін, шырпының шағылмауына немесе «азаттық алауының» тұтанбауына бар күш-жігерімді жұмсаймын.
Менің саясатпен шұғылдануымның себебі осындай. Экономикамен де осындай қажеттілігі болғандықтан шұғылдандым. 89-жылы СССР Жоғарғы Советінің депутаттары комитеттер бойынша бөлінгенде, мен баға комитетін таңдап алдым. Бұрынғы сайлауда мәдениет комитетінде болғандығыма қарамай баға комитетіне сұрануым жәйдан-жәй емес еді. Осы комитеттегі әдебиетшi жалғыз мен болдым. Сол жолы естен тандырар бағаға қарсы күрескеніміз есімде. 91-жылғы декабрьге дейін төтеп бақтық. Реформа шатқаяқтап отырған кезеңінде бағаны босатуға болмайтынына мен қазір де сенімдімін.
22 қаңтар, 1993 жыл