Бала – кішкентай зерттеуші, сондықтан ол айналасын тану мақсатында түрлі, соның ішінде, қауіпті әрекеттерге де барады. Баланың терезеден құлауының басты себебі – бала қолымен оңай ашылатын қорғалмаған терезе. Сондай-ақ, әрине, жиі кездесетін себеп — баланың үйде немесе бөлмеде қараусыз қалуы.
Барлық ата-ана сақтауы қажет ережелер:
— Барлық терезеге оны балаға бірнеше сантимертден артық ашуға мүмкіндік бермейтін ілмек немесе қоршау қою керек. Оларды жиһаз дүкендерінен немесе қарапайым гипермаркеттерден сатып алуға болады. Сондай-ақ, ашылатын терезенің тұтқасын алмалы-салмалы етіп жасатуға болады: сол кезде бала терезені аша алмас үшін тұтқасын алып тастау жеткілікті;
— Мүмкін болса, терезенің тек жоғарғы бөлігін ашқан жөн;
— Баламен терезенің алдында ойнамаңыз. Даладағы көліктерді, адамдарды көрсету үшін баланы терезенің алдына отырғызбаңыз. Ол қасында сіз жоқ кезде де солай отырып көруге болады деп ойлайды;
— Бала бөлмеде жалғыз болса, терезелерді жабық ұстаңыз;
— Үстіне оңай шығатын жиһазды терезенің қасына қоймаңыз. Жалпы, бала жалғыз ойнап отқан бөлмеге ол оңай көтере/ысыра алатын орындықты қалдырмаңыз;
— Москит торға сенбеңіз. Бұл ата-ананың көпшілігі жіберетін қателік. Москит тор бала салмағын көтермейді;
— Жалюздің баулары мен шынжырлары төмен салбырап тұрмауы керек: олар балаға терезенің алдына шығуға көмектеседі;
— Ашық терезенің жанында болу қаупі туралы балалармен әңгімелесіңіз. Әрдайым терезеге алыстан қарап, қатты жақындауға болмайтынын түсіндіріп жүріңіз;
— Бала ата-анасының және отбасыдағы басқа да ересек адамдардың әрекетін қайталайтынын және олардан үлгі алатынын ұмытпаңыз. Сондықтан өзіңіз де терезенің алдына отырудан, терезеден басыңызды шығарып, төмен салбырап қараудан және терезе арқылы даладағы адаммен сөйлесуден аулақ болыңыз;
— Аз уақытқа болса да балаларды үйде жалғыз қалдырмау қажет.
Құрметті ата-ана, заң бойынша ата-аналар балаларының өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қамқорлық жасауға міндетті. Балалардың терезеден құлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар.
Ескерте кетейік, осыған дейін баланы неше жастан бастап үйде жалғыз қалдыруға болатыны жайлы психологпен сұхбаттасқан болатынбыз.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz