Күзде үйде жасау керек 7 нәрсе

0 28

Күзде күн суып, жиі жаңбыр жауады. Сондықтан көпшілік адам көп уақытын үйде өткізеді. Бұл кезде үйдің ішінде жайлылық болуы маңызды. Ендеше, күзде үйде қандай шаруаларды аяқтаған жөн?

1. Барлық бөлмені толық тазалап алыңыз

Әр бөлмені жақсылап жинап алыңыз. Барлық шкафтардың ішін реттеп, артық немесе қажет емес заттардан арылыңыз. Сондай-ақ жуынатын бөлмеге дезинфекция жасаңыз.

2. Техниканы тазартыңыз

Таза техниканы қолданған жағымды, сондай-ақ ол ұзақ әрі жақсырақ қызмет ететін болады. Сондықтан пеш, тоңазытқыш, микротолқынды пеш деген секілді техникалардың бәрін бір тазалап алған жөн.

3. Сүзгілерді ауыстырыңыз

Мысалы, кондиционеріңіз жаз бойы қосылған болса, оның сүзгісін ауыстырған жөн. Сондай-ақ ішетін суыңызға да сүзгі қойған болсаңыз, оның да уақытын тексеріңіз. Егер ауыстыратын уақыты келген болса, оны да қолға алып, жаңасына ауыстыртыңыз.

4. Асүйді тазалаңыз

Асүйдегі сөрелерде сақталып тұрған барлық өнімді бір тексеріп шығыңыз. Мысалы, дәмдеуіштер немесе басқа да өнімдердің жарамылық мерзімін тексеріп, бұзылғандарын тастаңыз. Өнімдерді рет-ретімен жинап шығыңыз. Сондай-ақ шкафтардың ішін сүртіп алыңыз. Қажет өнімдердің тізімін жазып алыңыз.

5. Суық күндерге дайындалыңыз

Барлық есіктер мен терезелерді тексеріп шығыңыз. Егер жел кіретін ақаулар болса, оларды жөндеудің жолдарын қарастырыңыз. Қазіргі пластикалық терезелердің тұтқасында жазғыдан қысқыға ауыстыратын режимі болады. Соларды қысқыға ауыстырып шығыңыз, сол кезде терезеңіз қаттырақ жабылатын болады. Егер үйіңіз суықта дұрыс жылымайтынын білсеңіз, жылытқыш құрал сатып алыңыз немесе қыздыру функциясы бар кондиционер қондыруды ойлаңыз. Сондай-ақ үйіңізге жылы әрі стильді бірнеше жамылғы алып қоюға болады.

6. Батареяларды тексеріңіз

Күздің ортасында барлық үйге жылу беріп бастайды. Бұл кезде батареядан аздап су ағызу керек болуы мүмкін. Батареяларыңызды тексеріп, егер дұрыс емес бірдеңе байқасаңыз, ПИК (КСК) көмегіне жүгініңіз.

7. Жазғы киімдерді салып тастаңыз

Гардеробты реттеңіз. Қажет емес немесе мүлдем кимейтін киімдеріңізді біреуге беріңіз. Сондай-ақ жазғы киімдердің бәрін жуып, тазалап, салып тастаңыз. Оның орнына суық мерзімге арналған жылы киімдеріңізді алып шығыңыз. Шкафтардың іштерін сүртіп алыңыз. Жазғы аяқ киімдерді де жақсылап тазартып, құрғатып, салып тастаңыз.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.