ҚР Президентінің Әзербайжанға ресми сапары қос мемлекеттің ынтымақтастығын арттыра түседі. Бұл пікірді саясаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Әділ Сайлаубек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді және осы іссапар барысында саяси, сауда-экономикалық, көлік пен мәдени салалардағы қазақ-әзербайжан серіктестігі нығайды. Мұның ұтымды бір жағы – қазақ пен әзербайжан халықтарының тек қана түркітектес емес, жалпы халық ретінде ұқсас болғандығы. Осы орайда Құрманғазы атындағы өнер орталығының ашылуы бір себепші болып, үлкен қарым-қатынастың, спорттық-мәдени шаралардың артуына ықпал етеді деп ойлаймын. Каспий теңізі ғана бөліп тұрған көршілес қос мемлекеттің бір-бірімен тығыз қарым-қатынасы бір жылға емес, 2026 жылға дейін жоспарланған. Бұл стратегиялық тұрғыдан ғана емес, бұрыннан келе жатқан ұлттық-рухани жақындастығымызды одан әрі арттыруда да маңызды», — деді Ә. Сайлаубек.
Қазақстан Президентінің Бакуға ресми сапарында бірқатар құжатқа қол қойылып, екі ел министрліктері арасында меморандумдар бекітілді.
«Әсіресе көлік жасау, транзиттік жүк тасымалы, жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық көңіл бөлуге тұрарлық. Бұл тұрғыда Әзербайжан Еуропаға «алтын көпір» болады десек те артық айтпаймыз, кеңейтілген келісімшарттар да жалғасын табады деп ойлаймын. Осы бағыттағы ынтымақтастықты дамыту стратегиялық, рухани, мәдени, спорттық және білім салаларын дамытуға айрықша сеп болуға тиіс. Еуразия құрлығында геосаяси шиеленістер кезінде барлық мемлекетпен тату болудың да маңызы зор», — дейді Әділ Сайлаубек.
Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті және оны «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.
Сонымен бірге, ресми сапар аясында қол қойылған құжаттар тізімі жарияланды.