«Екінші рет басымнан кешіре алмас едім»: Баян Алагөзова тұрмыстық зомбылық туралы фильмге неге өзі түспегенін айтты
Баян Алагөзова мен Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» фильмі 72-ші Берлин кинофестивалінде көрсетілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы кинокартинаны түсіру туралы ой Мақсатқызының ойына өз басынан өткен қайғылы оқиғадан кейін келген. Экс-күйеуінің соққысына жығылып, пышақ жарақатымен өлім аузынан қалған продюсер бұл фильмге неге өзі түспегенін және басты рөлді сомдайтын актрисаны табу неге қиынға соққанын “Настоящее время” басылымына айтып берді.
Айтуынша, олар бас кейіпкерді сомдай алады деген Қазақстандағы 40 жастан асқан барлық актрисаларды шақырған.
«Олардың бәрі шок алғандарын, бұл мансаптарындағы ең мықты сценарий екенін айтты. Бірақ олардың жетеуі күйеуі мен туыстарымен сөйлескеннен кейін, рөлден бас тартты. Қазақстанда Лаура (авт. – Мырзахметов
сияқты ойнау үшін өте батыл болу керек. Ол бізде екінші нөмірде болды. Түсірілімге үш күн қалғанда біздің бас үміткеріміз бас тартты. Келісімшартқа қол қойып қойса да, кетіп қалды. Бізде тек екі таңдау болды: ол ойнайды немесе жобаны жабамыз», – деп түсіндірді продюсер.
Мақсатқызы бұл фильмге неге өзі түспегенін айтып берді.
«Мен бұл жағдайды екінші рет бастан кеше алмайтынымды бірден айттым. Актриса ретінде де қолымнан келмес еді. Өйткені киноға түсіп жүрсем де, менің актерлік білімім жоқ. Сонда Асқар (авт. – Ұзабаев) Лаураны тағы бір көрейік деді. Ол келісті. Біз тәуекел еттік, не шыққанын өздеріңіз де көрдіңіздер», – деді Баян Мақсатқызы.
Алагөзова 2016 жылы өзінің басынан өткен оқиғаны еске алды. Естеріңізде болса, продюсер экс-күйеуі Бақытбек Есентаевтың соққысына жығылып, пышақ жарақаттарын алған еді. Бір өлімнен аман қалған продюсер екінші рет берілген мүмкіндіктің текке емес екенін түсінген.
«Ол трагедиядан бері бес жыл өтті. Неліктен тірі қалдым деген сұрақты өзіме көп рет қойдым. Мені ауруханаға жеткізгенде, дәрігерлер 10 минутқа кешіккен жағдайда, өліп қалатынымды айтты. Мен өмір сүрмеуім керек еді. Бірақ демек бір мақсатпен аман қалдым.
Бір күні таңертең осыны кино арқылы айту үшін өмір сүріп жүргенімді түсіндім. Бұл – үлкен проблеманы ауқымды аудиторияға жеткізуге болатын жалғыз жол», – деді Мақсатқызы.
Продюсер араға 10 минут салып фильм режиссері Асқар Ұзабаев болатынын шешкен. Оған хабарласып, кездесудің уақытын белгілеген. Картинаның «А» санатындағы кинофестивальге өтуі керектігін бірден ескерткен.
«Мен қалжыңдаған жоқпын. Бұл проблеманың Қазақстанда бар екенін және оны шешу керектігін бүкіл әлемге көрсеткім келді. Иә, менің жағдайымда барлығы сәтті аяқталды. Өйткені мен танымал адаммын. Егер қарапайым мұғалім немесе үй шаруасындағы әйел болсам, тағдырымның қалай болатынын білмеймін», – деп ағынан жарылды Алагөзова.