“Екі аяғым, қолым, үш қабырғам сынды”: Саят Медеуов жол апатынан кейінгі жағдайы жайлы айтты

0 10

Ақпан айында жол апатына ұшыраған Саят Медеуов қазіргі денсаулық жағдайы жайлы айтты. Әнші апат кезінде екі аяғы мен қолы, үш қабырғасы сынғанын жеткізді. Айтуынша, апат рөлде отырған жиен ағасының кесірінен болған. Бұл туралы әнші KYN YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

“…Уақыт керек. Құдайға мың шүкір, көптің тілеуі қабыл болды. Менің басыма іс түскенде амандығымды тілеген көпшілікке рақмет. Жалпы, мен бұл жағдайды Құдайдан көре алмаймын. Жол апатын Құдайдың салғаны, басқа түскесін көнетін жайт деп те айтпаймын. Бұған өзіміз кінәліміз. Өйткені, Құдай бізге бір емес, үш рет ескертті”, – дейді әнші.

Медеуов жол апатының қалай болғанын айтты. Сөзінше, ағасы шаршағанына қарамастан, рөлді әншіге бермеген. Салдарынан басқа көлікке соқтығысқан. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.

“Жиен ағаммен бірге жолға шыққан едім. Екі рет одан рөлді сұрадым. Бермеді. Кейін үшінші рет жол бойына тоқтап, ұйықтап алуды ескерттім. Ол тоқтайтынын айтқан, сол аралықта көзім ілініп кетіпті. Кейін есімді жиғанда апатқа ұшыраған екенбіз.

Демек, ол жол жиегіне тоқтап, демалмаған. Соның салдарынан көзі ілініп, осындай жол апатына душар болдық. Бұл Құдайдың салғаны емес, бұл – біздің ақымақтығымыз.

Құдай қайта-қайта ескертті. Есімді жиған бойда: “Неге тоқтамадың? Біреуге кесіріміз тиді ғой”, – дедім жиеніме. Бар ойым осы болды.

Қуанышқа қарай, қарсы беттегі көліктің ішінде бір ғана жігіт болған екен, дін аман. Соған шексіз шүкірлік етемін.

Жол апатынан екі аяғым, қолым, үш қабырғам сынды. Көзіме әйнектер толып қалыпты, қос жанарым ашылмай қалған. Дәрігерлер тазалап берді, қазір көзім жақсы көреді. Қасым түсіп қалып еді, өсті”, – деді әнші.

Leave A Reply

Your email address will not be published.