«Әулиеата» командасы көкпардан Қазақстанның 13 дүркін чемпионы атанды

0 18

Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы көкпардан Қазақстанның 13 дүркін чемпионы атанды.

Тараз қаласында ұйымдастырылған көкпардан ересектер арасындағы ХХІІ Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.

Чемпионатқа еліміздің 15 өңірінен 171 спортшы қатысты. 10 күнге созылған дүбірлі додада Жамбыл облысының «Әулиеата» көкпар командасы жеңіске жетіп, Қазақстанның 13 дүркін чемпионы атанса, Қостанай облысының көкпар командасы күміс медальға қол жеткізді. Түркістан және Қызылорда облыстарының командалары қола медальдің иегерлері атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы көкпар федерациясының тағайындаған ақшалай сыйақысымен марапатталды: 1 орын – 3 000 000 теңге, 2 орын – 2 000 000 теңге, 3 орын – 1 000 000 теңге.

Сондай-ақ, Чемпионат барысында шебер өнер көрсеткен спортшыларға «Үздік ойыншы» (Тұрғанбек Құрманбек – Жамбыл облысы), «Үздік шабуылшы» (Сұлтанов Оралхан – Қостанай облысы), «Үздік қорғаушы» (Медетбек Балғынбек – Қызылорда облысы), «Үздік сәйгүлік» («Нұрқасқа» Түркістан облысы), «Үздік төреші» (Меңдіғалиев Ақылбек — БҚО), «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» (Полат Саттархан – Қостанай облысы) жекелей номинациялар бойынша 200 000 теңгеден жүлде, дипломдар мен медальдар табысталды.

Сонымен қатар, Чемпионат бағдарламасында жекпе-жек аттарының да сайысы ұйымдастырылып, астаналық «Ақжал» сәйгүлігі чемпион атанды. 2-ші орынды иеленген Шымкент қаласының «Хазбик» атты сәйгүлігі болса, 3-орын түркістандық «Қаhарман» сәйгүлігіне бұйырды. Жекпе-жек аттары сайысының жеңімпазы мен жүлдегерлеріне де ақшалай сыйақы табысталды: 1 орын – 1 000 000 теңге, 2 орын 500 000 теңге, 3 орын – 300 000 теңге, 4,5 орындарға – 100 000 теңге берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.