Бүгін Қордай ауданына қарасты Әлжан ана ауылында «Салауатты ауыл» акциясы басталды. Іс-шараның мақсаты – қоғамның және мемлекеттік органдардың назарын ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға және нығайтуға аудару, сонымен қатар тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосу.
Акцияға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, «Primary Health Care» Ұлттық Қауымдастығының президенті Төлебай Рақыпбеков және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова қатысты.
Әлжан ана ауылдық дәрігерлік амбулаторияда бастау алған акция барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ауыл халқын жаңа акцияның басталуымен құттықтап, тұрғындарға мықты денсаулық тіледі. Ал, профессор Төлебай Рақыпбеков ауырмаудың алдын-алу, ұзақ жасау, денсаулықты күту, тиімді тамақтану туралы баяндама жасап, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарына жауап берді.
Жанар Оспанова науқастарға көрсетілетін тегін медициналық көмек түрлері мен оларды алу жолдарын да түсіндірді. Өйткені, ауыл адамдарының көбі тегін медициналық көмектің түрлерін толық біле бермейді. Ауданда алғаш рет енгізіліп отырған «Салауатты ауыл» акциясы аясында атқарылатын жұмыстар жайы толық тарқатылды. Ауыл тұрғындары игі бастамаға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.
Кейіннен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде түрлі салалық дәрігерлер тұрғындарды қабылдап, консультация берді.
Осыдан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Қордай ауданы әкімдігінің арасында «Салауатты ауыл» жарғысы қабылданып, кейіннен Қордай ауылында «Salayatty jastar» атты денсаулық орталығының ашылуы болды. Іс-шара Қордай орталық ауруханасында өткен конференциямен жалғасты. Конференцияда тұрғындарға медициналық көмек көрсету мәселесіне қатысты баяндамалар оқылып, мамандар арасында талқыланды. Іс-шара соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова тұрғындарды қабылдады.