«Жетісу кубогі» халықаралық бокс турнирі 2003 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Шаршы алаң шеберлерін баптауға септігін тигізетін халықаралық деңгейдегі бәсекеде таластық Арнат Болатбек аудан намысын қорғаған болатын.
60 келі салмақта бақ сынаған Арнат бұған дейін кадеттер арасындағы Оңтүстік-Батыс аймақтық чемпионатында тұғыр биігінен көрінсе, Қазақстан Республикасы чемпионатында қола жүлдені жеңіп алған еді. Үлкен сенім артылған боксшымыз бұл жолғы бәсекеде аянып қалған жоқ. Өзіне тән әдіс-айласын, шеберлігін, жарыстардан жинаған мол тәжірибесін ұтымды пайдалана білді. Алғашқы кездесуде қырғызстандық қарсыласынан айласын асырған жерлесіміз, Жетісудің намысын қорғаған екі боксшыдан да басым түсті. Ақтық сында өзбек боксшысымен алтын жүлдені сарапқа салды. Бұл жолы да Арнаттың мерейі үстем болды. Осылайша барлық кездесуін сәтті аяқтаған А.Болатбек «Жетісу кубогінің» жеңімпазы атанды. — Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Арнаттың қарқыны маған жақсы мәлім. Тынымсыз жаттығулар мен қарсыластарының осал тұстарын таба білгендіктен жеңіс бізге бұйырды. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Алда Орал қаласында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Қазір соған дайындықты пысықтау үстіндеміз. Дүбірлі додаға бұрын да қатысқан болатынбыз. Шәкірттің талабын танып, қолдау білдіріп отырған аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерназар Тоқсанбаевқа, №31 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қанат Шыныбековке ризашылығымды білдіремін дейді жас боксшының бапкері Берік Қойтаев.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.