Елімізде жаңадан 12 футбол стадионы салынбақ. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Министрлік республика бойынша барлық спорт нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, елімізде спорттың ойын түрлеріне арналған (футбол, волейбол, стритбол, воркаут) 6 100 жазықтық алаң бар, оның ішінде 1 200-ден астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Ауылдық балалар мен жасөспірімдердің жыл бойы футболмен, мини футболмен және спорттық ойындармен шұғылдануы үшін 358 спорттық кешен қолданылады. Елімізде 1 500-ден 30 000 орындық тиісті санаттағы 28 негізгі стадион бар, сондай-ақ Қызылорда қаласында 10 мың орындық трибуналары бар бір стадион салынып жатыр. Одан басқа елімізде 12 стадион құрылысы жоспарлануда. Осылайша, барлық стадиондарды УЕФА-ның халықаралық талаптарына сәйкестендіру бойынша жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізілетін болады, — деді Үкімет басшысы жауабында.
Сонымен қатар Премьер-Министр Қазақстан футбол федерациясы УЕФА мамандарымен бірге
2034 жылға дейінгі қазақстандық футболды дамыту стратегиясын бекіткенін атап өтеді.
— Стратегияда жалпы Қазақстанда кәсіпқой және әуесқой футболды кешенді дамытудың, футболшыларды даярлау жүйесін құрудың ерекшеліктері, футбол бизнесі индустриясын құру, халықаралық аренадағы спорттық нәтижелерді жақсарту бағытында кәсіпқой футболды трансформациялау қарастырылған, — деді Олжас Бектенов.