Елорда күні қарсаңында бүгін Қордай ауданы Қаракемер ауылында шағын футбол алаңы мен стритворкаут алаңшасы ашылды. Аудандық бюджет есебінен салынған су жаңа спорт нысанында сап түзеген жас спортшыларды және осында жиналған ауыл тұрғындарын аудан әкімі Рүстем Дәулет арнайы барып құттықтады,-деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек», — деп айтқан болатын. Бүгінде біз осы тапсырманы ауданымызда орындау мақсатында кешенді жұмыстар жасап келеміз. Мәселен, биылғы жылы ауданымызда жалпы 21 спорт нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, 4 – спорт кешені, 11 – стритворкаут, 5 – шағын футбол алаңшасы және 1 – күрес залы. Ал, жалпы аудан бойынша үш жүзден астам спорт нысандары жұмыс жасайды. Бүгінгі ашылғалы отырған шағын футбол алаңы мен стритворкаут алаңшасы – жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Бұл нысан Елорда күні мерекесі қарсаңында жас жеткіншектерімізге үлкен тарту болып отыр. Осы спорт нысанынан елге, әлемге белгілі азаматтар тәрбиеленіп, еліміздің көк байрағын биікте көтеруіне тілектеспін, — деген аудан басшысы жас футболшыларға доптар сыйға тартып, одан кейін алаңдағы ең бірінші футбол ойынын бастап берді. Бұл кезде дененың сәні мен сымбатын келтіретін, бойға күш-қуат жинауға аса қажет стритворкаут алаңында ауыл жастары өз өнерлерін ортаға салып жатты. Бұдан былай шынығамын, шыңдаламын деген ауыл жастары үшін бұл орындардың есігі әрдайым ашық болмақ.
-Ауылымызда осындай спорт алаңшасының ашылғанына қуаныштымыз. Әсіресе, футболды жақсы көретін біздер үшін бұл тамаша сыйлық болды. Осындай мүмкіндік жасаған ағайларға үлкен рақмет, — дейді ауылдың жас аяқдопшылары.