«Тараз» футболшылары бүлдіршіндерді құттықтады

0 103

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ерекше іс-шара өтті. Мереке қарсаңында «Тараз» футбол клубының ойыншылары футбол орталығында тәлім алып жүрген ең кішкентай бүлдіршіндерге арнап арнайы шеберлік сабағын өткізді.

Іс-шара барысында жас жеткіншектерге футболдың негізгі элементтері таныстырылып, доп тебу, дриблинг жасау, қақпашылардың жұмыс ерекшеліктері және түрлі жаттығу тәсілдері көрсетілді. Балалар кәсіби футболшылармен бірге жаттығып, пайдалы тәжірибе жинады.

Команданың ойыншысы Мадияр Нұралы балаларға спорттағы алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі.

— Барлығымыз бала кезімізде осы футбол орталығында алғашқы жаттығуымызды бастадық. Біз әрбір ойын күнін мереке ретінде қабылдайтын едік. Үлкен футболшылар келіп, мастер-класс өткізсе, жасаған әрекеттерін айнытпай қайталауға тырысатынбыз. Бұл біздің де сондай ойыншы болуымызға деген ұмтылысымыз болатын. Сол секілді бүгінгі іс-шараны да біздің жасөспірімдер солай қабылдайтыны анық. Барлығына сәттілік тілеймін, — деді Мадияр Нұралы.

Шеберлік сабағына бас бапкер Руслан Есатов, қақпашылар бапкері Асқар Түсіпбеков және клуб ойыншылары Мадияр Нұралы, Жақып Қожамберді, Джорахан Бабаханов, Шейхислам Құлахметов, Бекжан Рзатаев, Асылбек Асан, Еркебұлан Тойбеков, Диас Лесбек, Темірлан Төребек, Санжар Кемелбек, Бехруз Садыков, Айбек Оксикбаев, сондай-ақ QJ league өнер көрсететін  «Taraz U17» және «Taraz U18» командаларының футболшылары қатысты.

Балаларды ерте келген ата-аналар да клубқа ризашылығын білдірді. Бапкерлер мен жаттықтырушыларға, команданың алдағы матчтарына сәттілік тілеп, көпшілікті стадионға қолдау көрсетуге шақырды.

Мерекелік шара соңында клуб басшылығы мен серіктестердің қолдауымен бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар мен балмұздақтар таратылды. Балалар сүйікті футболшыларымен естелік суретке түсіп, қолтаңба алып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

«Тараз» ФК баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.