Жаңажылдық дастархандағы тағам дәмді ғана емес, пайдалы да болуы тиіс

0 14

Әр нәрсенің екі жағы болатыны секілді мерекенің де өз жағымсыз тұсы бар. Соның бірі – астан улану. Алайда мамандар ұсынған кейбір қарапайым ережелерді сақтаған жағдайда мейрамның қызығы бұзылмайтыны анық. Отбасы болып асыға күтетін Жаңа жыл мерекесі мол дастархан және көтеріңкі көңіл күймен есте қалуы үшін не істеу қажет? ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығы Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының микробиолог дәрігері Рауа Мінайдарова Kazinform тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

— Жаңа жыл мерекесіне, әдетте, алдын ала дайындаламыз. Түрлі тәтті-дәмді тағам әзірлейтін азық-түлікті ертерек алып қоюға тырысамыз. Тіпті, кейбірін пісіріп те қоямыз. Астан уланбау үшін қандай сақтық шараларын сақтаған жөн?

— Жаңа жыл мерекесі – әр отбасы барынша жайлы және көңілді орта қалыптастыруға ұмтылатын уақыт. Дегенмен, бұл мейрамда астан улану қаупі арта түсетінін есте ұстаған жөн. Жағымсыз оқиғаларды болдырмау үшін бірнеше маңызды ережені сақтау керек.

Мерекелік дастарханға қажет азық-түлікті сауда орындарынан немесе арнайы дүкен, базарлардан сатып алу керек. Бірінші кезекте өнімнің жарамдылық мерзімін қарап, оның сыртқы қаптамасы мен сақтау жағдайларына да назар аударған жөн. Жеңілдікпен сатылып жатқан өнімдердің де сыртқы орамасына мән беріңіз. Кездейсоқ адамдардан азық-түлік алуға болмайды. Әсіресе, сүт өнімдерін, шикі жұмыртқа, тауық, қаз, туралған көкөніс тағамдарын, кондитерлік өнімдерді, соның ішінде торттарды қолдан алу қауіпті.

Үйде мерекелік тағамдарды дайындау кезінде гигиенаға аса мән беріңіз. Ең алдымен қолдың, ас үй жабдықтарының, ыдыс-аяқтың тазалығын қадағалаңыз.

Шикі өнім мен дайын тағамды бөлек сақтау керек. Жаңа дайындалған тағамды кешегі тамақ қалдығымен араластырмаңыз. Егер дайын тағам келесі күнге қалса, оны қолданар алдында термиялық өңдеуден өткізу қажет. Етті, құс етін, жұмыртқаны, теңіз өнімдерін және мерекелік тағамдарға арналған басқа ингредиенттерді қуыру, қайнату кезінде дұрыс температуралық режимді сақтау өте маңызды.

Мысалы, майонезсіз дайындалған салаттар тоңазытқышта шамамен 2-3 күн бойы балғын күйінде қалуы мүмкін. Картоп немесе макарон тағамдарын тоңазытқышта 2-3 күн бойы сақтауға болады. Дайын тағамдарды сақтаған кезде жарамдылық мерзімін және иіс, түс немесе құрылымның өзгеруі сияқты бұзылу белгілерін қадағалау керек екенін есте ұстаған жөн. Өнімдерге бөлме температурасы әсер еткен болса, сақтау мерзімі де қысқаруы мүмкін.

Жаңа жылдық мәзірді құрастырғанда тағам түрлерінің көптігіне емес, оның сапасына басымдық берген жөн. Мерекелік дастарханнан кейін екінші күн көпшілікке ауыр тиіп жатады. Асқазан аурулары – созылмалы гастрит, жаралар сыр беріп, ұйқы безінің қабынуы, тіпті астан улану қаупі бар.

Сондықтан да мерекелік дастархандағы тағамдардың пайдалы болуына мән беру керек. Еттен жасалған өнімдерді азайтып, көкөністерден жасалған салаттарға, құс етіне, балыққа басымдық берген жөн. Дастарханда сусындар, соның ішінде су болуы керек. Ал газдалған сусындардан бас тартыңыз.

Жемістер – мерекелік дастарханның көркін аша түседі, әрі дәмді ғана емес, пайдалы да. Артық салмақ қосудан қорқып, диета ұстап жүрген жандар мандарин, банан, жүзім мен алма тұтынса болады.

Тағы бір кеңес – жиі-жиі, бірақ аз-аздан жеген жөн.

Рауа Мінайдарова
Фото: Р. Мінайдарованың жеке мұрағатынан

— Ал дайын тамаққа әлеуметтік желі арқылы тапсырыс бермес бұрын нені есте ұстаған жөн?

— Бұл күндері дайын тағамға сұраныс артады. Бірақ ол тағам қайда, қандай жағдайда және қандай азық-түліктен әзірленеді? Әлеуметтік желі арқылы дайын тағамға тапсырыс бермес бұрын, мейрамхананың рейтингі мен тұтынушылар пікірін ескеру, жеткізу туралы ақпаратты тексеру, төлем шарттары мен порция мөлшерін нақтылау маңызды. Сондай-ақ мейрамхананың қауіпсіздік пен гигиеналық нормаларды сақтауын қадағалау керек. Қажет болса, өнімнің белгілі бір критерийлерге сәйкес келетінін растау үшін халал сертификатының болуын тексеріңіз.

— Үйдегі дәрі салатын қобдишада қандай дәрі-дәрмек болуы тиіс?

— Жаңа жыл қарсаңында дәріханаға барып, кейбір жеңіл-желпі сырқаттарға қажетті негізгі дәрі-дәрмектерді түгендеп қойғаныңыз жөн. Олар – ауырсынуды, қызуды басатын дәрілер және «Парацетамол» немесе «Ибуфен» сияқты қабынуға қарсы препараттар. Пластырь, антисептикалық және таңғыштар жеңіл жарақаттар кезінде алғашқы көмек көрсетуге көмектеседі. Асқазан-ішек ауруларына арналған дәрі-дәрмектер туралы да ұмытпаңыз. Алайда, ауырып қалған жағдайда дәрігерден кеңес алу маңызды.

— Сіздің пікіріңізше, мінсіз мерекелік дастархан қандай болуы керек?

— Мен үшін тамаша мерекелік дастархан – дәмді де пайдалы тағам мен мерекелік атмосферасының үйлесімі. Қонақтарды дәстүрлі ғана емес, күтпеген тағамдармен де таңқалдырғанды жөн көремін. Үстел декоры да мен үшін маңызды. Себебі, сәнді безендіру арқылы мерекелік көңіл-күйді көтеруге болады.

— Рахмет!

Leave A Reply

Your email address will not be published.