Тұрғындар жаңа жүйенің мүмкіндіктерінен аса біле бермейді

0 1

Бүгінде белгілі бір санаттағы азаматтар стоматологиялық көмекке елдегі кез келген емдеу ұйымы арқылы қол жеткізе алады десек, одан тұрғындардың дені бейхабар. Нақтырақ айтқанда, оған ағымдағы жыл басынан бастап енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мүмкіндік беріп отыр.

Осы орайда айрықша мән беретін нәрсе, ол сақтандыру енгізілгенге дейін стоматологиялық көмек тек пациенттің тіркелген емханасы арқылы ғана көрсетіліп келсе, жаңа жүйенің арқасында аталған санаттағы азаматтар бұл қызметті еліміздің кез келген жерінде пайдалана алады.

Жүйе бойынша жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Ал, шұғыл стоматологиялық көмекті аталған екі санатқа қоса Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3-топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқасы» бар көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, зейнеткерлер, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратындар, мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын, жұмыс істемейтін адамдар алады.

Айталық, хирургтің қабылдауы, тісті жұлу, абсцесті ашып тазарту, одонтегенді ісікті кесіп алып тастау, альвеолитті емдеу, тіс тамыры невритін емдеу, ауыз қуысындағы жұмсақ тіндерді кесіп алып тастау, жақ-бет сүйегіндегі жараларды емдеу тағы басқа қызметтер тегін. Сондай-ақ, жақ-бет сүйегі ақауымен туған нәрестелерге арналған ортодонтиялық көмек түрлері де мемлекеттік тапсырыс шеңберінде тегін көрсетіледі.

Ағымдағы жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС пакеті бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларды, яғни атаулы әлеуметтік көмек алушыларды қолдауды басталды. Қазір бұл туралы облыс тұрғындары, әсіресе ауылдықтар аса біле бермейтін секілді. Ол бойынша 6-дан 12 жасқа дейінгі балаларға түрлі жақсүйек-бет аймағының ауытқулары кезінде ортодонтиялық көмек көрсетілетін болады, яғни, тісін түзететін пластик кигізіледі.

Тұрғындарда өз жемісін бере бастаған жаңа жүйедегі жақсы жаңалықтар туралы барынша хабардар болуға шақырып, мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді тиімді пайдалана білгені абзал.

Ақылбек Үсенбаев,
ЖОСЕ бас дәрігері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.