Жамбыл облысында обыр ауруының үлес салмағы бойынша сүт безі қатерлі ісігі бірінші орынға шыққан. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облыстық көп бейінді ауруханасының бас дәрігері Абай Нұржанов айтты, — деп жазады “ZhambylNews” AA.
Спикердің айтуынша бұл 12,2% құрап отыр. Екінші орында 10,0% өкпенің қатерлі ісігі, асқазан қатерлі ісігі 8,5%, тері қатерлі ісігі 7,9%, жатыр мойны қатерлі ісігі 5,2%, тоқ ішек, тік ішек қатерлі ісігі 4,7% құрап отыр.
Брифинг барысында бас дәрігер аурудың өткен жылғы көрсеткіштеріне тоқталды. Былтыр облыста обыр аурымен тіркеуде тұрғандар саны 7652-ге жеткен. Ал 2019 жылы 7360 болған.
— 2020 жылы қатерлі ісік алғашқы рет анықталған аурулар саны 1414 құраса, 2019 жылы 1550 болған. Ал аурушаңдық көрсеткіші 124,2 (2019 жылы-139,0), яғни азда болса оның төмендегені байқалады. Өлім көрсеткішіне келсек облыс бойынша 2020 жылы 768 ауру қайтыс болып, өлім көрсеткіші 100,0 мың адамға шаққанда 67,4 құрады, 2019 жылы 743 адам қайтыс болып өлім көрсеткіші 66,0 ті құрды. Өлім көрсекішінің аздап көтерілгені байқалады, оның себебі есепте тұрған аурулардың көбейуіне байланысты деп есептейміз, — деді Абай Құралбекұлы.
Өткен жылы өңірімізде қатерлі ісікпен алғашқы рет ауырған 1414 адамның 58,2% сырқаттың I және II сатысында екені анықталды. Бұл – осынша науқастың қажетті емді уақтылы алса, жазылып кету мүмкіндігі жоғары деген сөз.
Айта кетейік, елімізде 190 159 адам онкологиялық аурумен есепте тұрады. оның ішіде Республика бойынша 33 537 адам аурумен алғаш рет ауырған. Дәрігер аурудың алдын алу үшін тұрақты түрде тексеріліп тұруға кеңес берді.