Шалғай ауыл 1980 жылдан бергі жол азабынан құтылды

0 4

Жамбыл ауданынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан Сеңгірбай ауылының жолы тегістеліп, жол жабындысы төселді. Шалғай ауылға арнайы барған аудан әкімі Сәкен Арубаев 3,5 шақырымға төселген асфальттың сапасын көріп, ауылдың байырғы азаматы Ерғазы Алжановпен жолықты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ауыл азаматтарының көптен бергі сұранысын жеткізіп, кездесулерде жол мәселесін көтеріп жүрген тұрғын өңір басшысына алғысын білдірді.

Бүгінгі ауылдықтардың қуанышында шек жоқ. Ауылға 40 жылдан кейін асфальт төселіп отыр. Таныстарымыз «айдалаға отау тіктеген ауылда асфальт қайдан болсын» деп үмітімізге күмәнмен қараушы еді. Өткен жолы бір топ техника келіп, жолдың қарекетіне кіріскенде, телефонға түсіріп алып жібердім. Енді жұртшылық көліктерін жаңа маркаға айырбастауды ойлап жүр. Алдыңызға осы жағдайды көтеріп барғанда ағымдағы жылы шешімін табуға күш салатыныңызды жеткізіп, бүгінде сол уәдеңіздің орындалғанына ризашылығымды білдіремін, – дейді ауыл жанашыры.

Өз кезегінде сөз алған Сәкен Қаланұлы бұл жұмыстар ел игілігі жолында жасалып жатқанын, жұртшылықтың қуанышына ортақ екенін айтты.

Жалпы өңірдегі жол жөндеу жұмыстары туралы аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Елдос Кеңесбековтың айтуынша, биыл 10 ауылдың 26 ауылішілік көшелері және аудандық мәндегі 5 жолға асфальт төселеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.