Айкүміс Досановамен «Antikor» орталығында сұхбат өтті 

0 25

Сыбайлас жемқорлықтың өзекті мәселелері мен жастарды парасаттылыққа тәрбиелеу мақсатында оқытушы, әлеуметтік еңбек саласының үздігі, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, сазгер, ақын Айкүміс Досановамен «Antikor» орталығында сұхбат өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Antikor.live» жобасы аясында өткен эфирде Айкүміс Сәрсенғалиқызы қазіргі цифрлық қызметтің маңыздылығы жайында пікірін білдіріп, жұмыстың онлайн режимінде істелуі қалыпты жағдайға айналғанымен, мемлекеттік қызметкер халықпен жиі бетпе-бет кездесіп тұру маңызды деп пікірін жеткізді.

«Цифрлық қызметті жаратпағаным оның әсерін жоққа шығарғаным емес. Қазіргі қоғамның дамуын электрондық ақпарат құралдарынсыз елестету қиын. Дегенмен, менің ойымша, мемлекеттік қызметші халықтың мәселесін шешу үшін олардың ортасына барып, адаммен бетпе-бет сөйлесіп, оның сезімін, көңіл-күйін, жағдайын білуі керек,» деді Айкүміс Досанова.

Сондай-ақ, эфир барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда ғаламтордың маңыздылығы туралы айтылып, еңбек саласының үздігі өз ойымен бөлісті.

«Әлеуметтік желі-қоғамның айнасы. Сондықтан мемлекеттік қызметші бұл салада суда жүзген балықтай болып, бағдарламаны толықтай меңгеруі керек деп ойлаймын. Өйткені, қазір халық қате жазсын, дұрыс жазсын әйтеуір жемқорлық туралы өзінің пікірін ашық жеткізіп отыр. Сондықтан да осы саладағы нәтижелі жұмыстарды кеңінен насихаттап, желілердің көмегімен көпшіліктің назарына ұсынып отыру керек. Қылмыстардың орын алғаны мен ондағы проблемаларды ашық көрсету көптің тура жолда жүруіне ықпал ететініне сенемін,» деп ойын жеткізді Айкүміс Сарсенғалиқызы.

Сонымен қатар, эфир қонағы жастарға кез келген ортада өз ойы мен позициясын ашық айтып, көптің көңілінен шықпай қаламын деген қорқыныштан аулақ болуға шақырды. Айкүміс Досанова өскелең ұрпақтың халықтың жанашыр азаматы ретінде адал еңбек етуі аға буынның тәрбиесіне қатысты екенін де жасырмады.

20 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген Айкүміс Сәрсенғалиқызы, артынан халыққа пайдасы тиер бірнеше маман тәрбиелеп, қазір зейнеткерлік демалыста екенін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.