Жамбыл облысында қымыз өндірісі бойынша құрылған тұңғыш кооперацияның жұмысы тоқтап тұр

0 0

Жамбыл облысында қымыз өндірісі бойынша тұңғыш кооперация құрылды. Бірақ жаңа ұжымның жұмысы әзірге жүрмей тұр. Қолда жылқы жеткілікті. Шикізат бар. Өнімге сұраныс та жоғары. Тек шаруалар қымызды кең көлемде өндіре алмай отыр. Жуалы ауданындағы ауыл халқының 70 пайызға жуығы қымыз өндірумен айналысады. Мұнда әр үй кемінде 4-5 жылқы ұстайды.

Тұрғындар бұл іске машықтанып, кәдімгі кәсіби маман болып алған. Ал осы елді мекенде жасалатын ұлттық сусын өңірде брендке айналған. Меруерт Көпбаева, ауыл тұрғыны: – Біздің ауылымыз жылқы малын ұстауға өте машықтанған. Жайылымыз кең. Бәріміз жылқы малын ұстаудың қыр-сырын білеміз. Енді біз жеке-жеке емес, кең көлемде бірігіп, кооперация ашсақ деген ойымыз бар. Қазір кооперация құруға тіркеліп қойдық. Жұрт мал басын тағы да көбейтіп, қымыз өндіруді қолға алу үшін кооперацияға бірікті. Оған бүгінгі күні 28 адам тіркелген. Сейтқалы Үмбетәлиев, ауыл тұрғыны: – Қымыз өндірісімен айналыстық. Кейін ет бордақылау, сиыр саууды қолға алғанда, қымыз жағы аталмай қалды. Үкімет жағынан ешқандай қолдау болмады. Араларынан бастапқыда бие сүтін қабылдап, цех ашатын кәсіпкер де табылған. Жеңілдетілген несие аламыз деп құжаттарын да әзірлеген. Айтуларынша, бар шаруа өндіріске қажетті қондырғылардың мемлекет тарапынан субсидияланбауына келіп тіреліп тұр. Қазыбек Әлжаппарұлы, кәсіпкер: – Қымыз шығаратын жабдық 20 млн тұрады. Оған субсидия болмаса, оны өңдеу, шығару және сату бізге тиімсіз болады. Жоба дайын, бірақ жабдықты алайық десек, бізге субсидия беру мәселесі қиындап тұр. Нұрбақыт Тілегенов, Шақпақ ауылдық округінің әкімі: – Қазір сүт, ет бағытында несиелер беріліп жатыр. Алайда қымыз бағытында былтыр несие болған жоқ. Оны енді ауыл шаруашылығы басқармасындағы тараптар қымыз бағытында өңдеуші өнеркәсіптің жоқтығымен түсіндірді. Біз әкімшілік тарапынан ұсыныс тастап отырмыз. Енді ол кісілер қолдап ережені бекітіп, 2018 жылдың тарапынан енгізсе, қымыз өңдеу өндірісі жолға қойылады. Өрісі кең, таулы өлке жылқы ұстауға ыңғайлы. «Нағыз бизнестің көзі осы», – дейді жергілікті жұрт. Сондықтан бірнеше жылдан бері жоспарлап келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қымыз бағытында құрылған кооперация қазір амалсыз сүт бағытында жұмыс істеуге көшкен.

Дереккөз: 24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.