Қазақ инженері Нью-Йорк құрылыс саласындағы технологияларды Қазақстанға алып келуді армандайды

0 4

Нью-Йоркте құрылыс саласында инженер болып жұмыс істеп жүрген Асхат Абдубеков АҚШ-та білім алудың артықшылықтары жайлы айтып берді.

Асхат инженер болуды бала кезінен армандаған екен. Ол Астана қаласындағы қазақ-түрік лицейінде базалық білімін жетілдіреді.

«Мектепте роботтық технологияға қызығушылығым артты. Ал 10 сыныпта математика бойынша Мәскеуде өткен олимпиадада робототехникадағы математикалық есептеу жайында жобаны қорғап, екінші орын алғанмын. Бұл менің АҚШ университеттерінің грантын ұтып алуыма септігін тигізді», – дейді Асхат.

Асхат олимпиададан жеңіспен оралған замандастарымен Президент қабылдауында
Асхат олимпиададан жеңіспен оралған замандастарымен Президент қабылдауында болды/ Сурет жеке мұрағаттан

Бостон немесе Нью-Йорк?

Жаңа құрлықта жоғары білім алу да – жас инженердің бала арманының бірі болатын. Мектепті бітіруге таяу қалғанда инжинирингтің математикамен тығыз байланысы бар саласын таңдаған.

Асхаттың өндірістік инженерия мамандығы бойынша жіберген өтінішін АҚШ-тың екі бірдей жоғары оқу орны – Бостон Университеті мен Нью-Йорк Технология Институты толық грантқа қабылдайды.

«Маған екі қаланың бірін таңдау мүмкіндігі берілді. Бостон қаласындағы Массачусетс Технология институты мен Гарвард – студенттер қаласы әрі нағыз білім ордасы болғанымен, өз басым Нью-Йоркте қаламын деп шештім. Мен сияқты жасы енді ғана 18-ге толған азаматтың мінезінің орнығып, жауапкершілігінің арта түсуіне тигізетін алып қаланың әсері көп. Одан бөлек, мен таңдаған сала мамандарына Нью-Йоркте сұраныс көбірек», – дейді Асхат Абдубеков.

Институтты тәмамдаған күннен естелік / Сурет жеке мұрағаттан

Эквадорға әлеуметтік қолдау

Асхат студенттік өмірін тек кампуста немесе кітапханаларда отырып қана өткізбей, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Мысалы, 2014 жылы Эквадор елінде жер сілкінісі болып,ондағы жұрт халықаралық көмекке зәру болған кезде, Нью-Йорк Технология Институты өзінің 10 белсенді студентін әлеуметтік қолдау көрсету үшін жібереді. Олардың қатарында Асхат та бар еді.

«Жер сілкінісінінен Эквадордың Тынық мұхиты жағалауындағы мекендер көбірек зардап шекті. Табиғи апаттан үйлері қираған латынамерикалықтарға көмектестік. Осы сапардан алған әсерім мол болды. Тіпті өмірге басқаша қарайтын деңгейде оралдым», – дейді ол.

Асхат Эквадорға барған ерікті студенттермен бірге. Сурет жеке мұрағаттан
Асхат Эквадорға барған ерікті студенттермен бірге / Сурет жеке мұрағаттан

Асхаттың айтуынша, осыдан 50 жыл бұрын Эквадорда мұнай кен орындары ашылған кезде ел экономикасы голланд ауруына шалдығып, оның даму серпілісі аз уақытта тоқырауға ұшырады. Одан бөлек, жер сілкінісі сынды жиі болатын табиғи апаттар да елдің экономикасын ілгерілетпей, мықты кедергі келтіреді. Экономикалық стагнацияның салдарынан Эквадор өз валютасынан да айрылды. Қазір эквадорлықтар АҚШ долларын ішкі айналымға енгізген.

«Эквадорда аз уақыт болсам да, олардың әлеуметтік жағдайының өте нашар екенін көрдім. Қоғамда шешілмеген мәселелер өте көп. Мысалы, малярия ауруын тарататын масаларды жою қолға алынбаған. Ел тұрғындарын таза сумен қамту мәселесі шешілмеген. Күнделікті қолданатын суды ішу арқылы гепатит ауруына шалдығуың мүмкін. Тіпті душ қабылдау кезінде суды байқамай жұтып қоюдың өзі қауіпті. Десе де, эквадорлықтар – өзіміз сынды қонақжай халық екен. Ал көмекке зәру адамдар бізді көргенде көздеріне жас алып, шынайы көңілдерімен алғыстарын айтатын. Бұл эмоциялар мен үшін ақшадан қымбат болды. Сол кезде біреуге тегін көмектесудің біз үшін еш қиындығы болмаса да, оған мұқтаж адам үшін қаншалықты маңызды болатынын сезіндім», – дейді Асхат.

Халықаралық деңгейдегі кәсіби тәжірибе

Асхаттың айтуынша, АҚШ-тың ең үлкен қаласы оның кәсіби әрі рухани дамуына орасан зор ықпал еткен. Нью-Йоркте құрылыс инжинирингі бойынша еңбек еткен маманды басқа штаттарда немесе елдерде құшақ жайып қарсы алады. Себебі Нью-Йоркте Асхаттың мамандығына қойылатын талап өте жоғары.

«Америкалықтардың арасында «Үлкен алма» атанып кеткен қалада құрылыс ешқашан тоқтаған емес. Тіпті студент кезімізде тәжірибеден өтуге және жартылай жұмыс істеуге мүмкіндіктер болды. 2016 жылы оқуды тәмамдағаннан кейін құрылыс саласындағы қауіпсіздік жабдықтарды орнықтырумен айналысатын Certified Safety Inc. компаниясында еңбек еттім», – дейді ол.

Көп ұзамай Асхат кәсіби біліктілігін одан әрмен арттыру мақсатында Lombardia Engineering инжинирингтік компанияға ауысады. Онда құрылыс аймағындағы қауіпсіздік жабдықтарын орналастырудың математикалық есептеулерімен айналысады.

«Бұл компания өте күрделі есептеулермен айналысуыма мүмкіндік берді. Мысалы, соңғы жобалардың бірінде Манхэттендегі Goldman Sachs қаржы институтының басты ғимаратын жөндеуші кранды орналастыруды есептедік. Құрылыс компаниясы біз сызған эскиз бен есепке қарап, қажетті жабдықтарын орналастырады. Егер дұрыс есептелмесе, жаяу жүргінші немесе құрылысшының өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан математикалық есептеулерде қателік жіберуге құқымыз жоқ», – дейді ол.

Қазақ инженері құрылыс нысанының жанына кранды орнықтыруды бақылау сәтінен. Сурет жеке мұрағаттан
Қазақ инженері құрылыс нысанының жанына кранды орнықтыруды бақылау сәтінен / Сурет жеке мұрағаттан

Жауапкершілікке сай жалақы

Қазақ инженерінің Нью-Йорктегі кәсіби жұмысында екі мәселе аса маңызды болған екен. Ол –Манхэттендегі метроның жер бетіне жақын орналасуы мен адамдардың тоқтаусыз қозғалысы.

«Манхэттендегі метро жолдары жер бетінен небәрі жарты метр төменде орналасқан. Құрылысқа қажет кранның метроға салмақ түсірмеуі үшін алдымен барлығын математикалық жолмен есептеп шығамыз. Біздің есебіміз бекітілгеннен кейін ғана құрылыс компаниялары эскиздің көмегімен кранды орнықтырады», – дейді ол.

Нью-Йоркте құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жататындықтан, мұнда қауіпсіздік мәселелері басты назарға алынған. Десе де, құрылыс аумағында оқыс жағдайлар болып тұрады. Инжинирингтік компаниялардың артуының арқасында олардың саны соңғы жылдары біршама төмендеген.

«Белгілі бір ғимараттың жанына кранды орнату үшін оның төменгі жаққа түсіретін салмағы есептеледі. Сосын оның бұрылу бұрышы мен дауылға төтеп беру тұрақтылығы өлшенеді. Содан кейін кранның қанша салмаққа дейінгі жүкті көтере алатыны анықталады. Ал құрылыс компаниясы өз кезегінде жүк салмағының артып кетпеуін қадағалауы тиіс», – дейді Асхат.

Инжинирингтің бұл саласы Қазақстанда сұранысқа ие ме?

Қазақстанда АҚШ-тағыдай үлкен көлемде құрылыс жұмыстары жүрмейді. Бірақ бұл көрсеткіш жыл өткен сайын өсіп келеді. Ал еліміздегі урбандалу үдерісінің әсері, әсіресе Астана, Алматы және Шымкент қалалары тұрғындарының санының өсуі тұрғын үй мен коммерциялық жылжымайтын мүліктің артуына алып келеді. Ал бұл, өз кезегінде, құрылыс секторының өсуіне әсер етеді.

Қазіргі қоғамда инжинирингтің кез келген саласына деген сұраныс артып барады. Ол АҚШ-та болсын, Қазақстан немесе Африка сияқты дамушы елдерде болсын, белгілі бір деңгейде сұраныс тудырары анық. Себебі кез келген жерде адам қауіпсіздігі бірінші орынға қойылуы тиіс.

Астана Нью-Йорк болмаса да, ұқсап келеді

Асхат Қытайдан келген Институттағы топтасымен бірге. Сурет жеке мұрағаттан
Асхат Қытайдан келген Институттағы топтасымен бірге / Сурет жеке мұрағаттан

Астанадағы құрылыс нысандары бір-біріне Нью-Йорктегі ғимараттар сияқты тығыз орналаспаған. Сондықтан ескі ғимараттарды бұзу соншалықты қиындық туғызбайды. Ал Нью-Йоркте, әсіресе, Манхэттенде бір ғимаратты бұзу үшін кейде бір жылға дейінгі уақытты қамтитын математикалық есептеулер жасалады екен. Себебі қателік жіберуге болмайды.

«Манхэттенде кейбір ғимараттардың арасы тым жақын. Кейде арасы небәрі 10-12 см болады. Осындай кезде бір ғимаратты бұзу керек болса, оның қасындағы екінші ғимаратқа әсер етпеу жағы қатты қарастырылады. Ауып кетпеуі үшін ғимараттың ең түпкі іргетасына тіреуіштің небір түрлері орнатылады», – дейді Асхат Абдубеков.

Ел орталығы статусы берілгелі Астанада құрылыс жұмыстары күн санап жанданып жатыр. Сондықтан қала ғимараттарын жобалаған кезде оның аймақтағы климат ерекшеліктерін мен төтенше жағдайларға төтеп бере алу жағы қатты қаралуы керек..

Асхаттың айтуынша, құрылыс инженериясындағы математикалық есептеулерді құрылыс аймағында тұратындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттайды.

«Біздің компания Goldman Sachs, Bank of America, Federal Reserve Bank of New York cынды қаржы саласындағы алып корпорациялардың басты ғимараттарында жүргізілетін құрылыстардың өлшемдерін есептеп шығарады. Қазіргі таңда Carnegie Hall мен Museum of Modern Art ғимараттарына есептеулер жасап жатырмыз. Өзімді қызықтырған жобалардың бірі – Манхэттеннің батыс жағындағы Гудзон өзенінің жағалауына жақын маңда қатар орналасқан үш сауда орталығы еді. Коммерциялық жылжымайтын мүліктің иесі ғимаратты биіктетіп салмақ болды. Ал біз сауда орталығына келетін азаматтардың өміріне қауіп төндірмеу үшін ғимарат үстіне тұрғызылатын бағаналардың салмағын ортақ нүктемен бекітіп есептедік», – дейді ол.

Қазақстанда қауіпсіздік мәселесі қарала ма?

Алып қалада жұмыс істеп, аз да болса тәжірибе жинақтаған Асхат Астанаға келген кезде құрылыс аймақтарындағы қауіпсіздік шараларының қарапайым түрлерінің қарастырылмағанын алыстан тұрып-ақ байқайтынын айтады.

«Мысалы, құрылысы бітпеген көп қабатты үйлердің сырты тіпті, құрылыс жұмыстары жүрмей жатса да, тормен қоршалуы керек. Ал құрылыс барысында екі жағы бірдей тормен жабылуы керек. Олардың бірі құрылыс материалдарының төменге түсіп кетпеуі үшін тартылса, екіншісін құрылысшылардың қауіпсіздігі үшін жабдықталады. Мұның бәрі қосымша қаражатты талап етеді, әрине. Бірақ бұл құрылысшылар мен сол аймақ тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалатындықтан, арнайы мекеме тарапынан міндеттелуі тиіс», – дейді ол.

Құрылыс кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүддесі ескерілуі тиіс

Нью-Йорк өзінің көп қабатты ғимараттарымен әлемге әйгілі. Алып қаладағы зәулім құрылыс нысандарын салу кезінде адамға қажетті нәрсенің барлығы ескеріледі екен. Оны қадағалайтын арнайы Құрылыс департаменті (Department of Building) болады.

«Мысалы, зәулім ғимаратта оқыстан өрт шықса, мүмкіндігі шектеулі азаматтар қауіпті аймақтан қалай шығады? Лифтіні қолдануға болмайды. Ал баспалдақпен ол түсе алмайды. АҚШ-та бұл мәселенің оң шешімі қарастырылған. Құрылыс басталмай тұрып, инженерлер ғимараттың негізгі қаңқасын құрайтын колонналарды салуға қолданылатын құрылыс материалдарының өртке кем дегенде екі сағат төтеп бере алатындай төзімді болуын қадағалайды. Сосын әрбір қабатта мүгедектердің қауіпсіздігі үшін арнайы оқшауланған орын жасалады. Ол орын өрттің қандай болғандығына қарамастан, адамға 3-4 сағатқа қорған бола алады. Ал өрт сөндірушілер өз округтеріне қарасты әрбір ғимараттағы осындай орындармен алдын ала танысады. Сондықтан құтқару шаралары кезінде мүгедектер паналауы мүмкін деген аймақтарды бірінші болып тексереді. Қазақстанда мұндай мәселелер қандай деңгейде қарастырылатынын білмедім», – дейді ол.

Нью-Йорк несімен тартымды?

Алып шаһардың динамикасы адамды өзіне тартады. Әлемнің әр түкпірінен келген түрлі ұлт өкілдері бір ағынға бейімделіп, бір-біріне бәсекелестік тудыру арқылы дамиды. Асхаттың айтуынша, бұл – әлемдік деңгейдегі даму үдерісі. Жаңа нарсені үйренуге деген мұндай талапты осы көлемде өзге қалада сезіну мүмкін емес.

Асхат қазақ достарымен кишки Нью-Йорк көрінісінде. Сурет жеке мұрағаттан
Асхат қазақ достарымен кешкі Нью-Йорк көрінісін тамашалап жүр / Сурет жеке мұрағаттан
«Өзіне сенімсіз, еріншектеу азаматтар Нью-Йоркте көп уақыт қала алмайды. Өзі қаламаса да, алып қала оның еркелігін көтермейді. Сондықтан мұнда келген әрбір адам жетістікке жетудің басты кілтінің еңбекте екенін жақсы біледі», – дейді ол.

Нью-Йорктегі қазақтар ұйымшыл

Асхаттың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстаннан АҚШ-қа тұрақты тұруға келетін отандастарымыздың саны айтарлықтай өскен.

«Қайтсек те жаһандану процесін кері бұра алмаймыз. Адамдар үлкен мегаполистерге көшіп, жаңа ортаға сіңісу арқылы ғаламдық деңгейде ойлау қажет. Осындай талапты адамдардың арасында қазақтардың да барлығына қуанамын. Олар белгілі бір деңгейде өз саласының маманы болғаннан кейін елге қайта оралып, дамудың кілтіне айналарына сенімдімін. Өзім де солардың қатарындамын», – дейді қазақ инженері.

Жас маманның айтуынша, алып қаладағы қазақтар өте ұйымшыл. Олар тілі мен мәдениетін сақтауға қатты мән береді, мейрамдарда жиі бас қосады. Отансүйгіш қазақтардың бастамасымен алып қалада қазақ тілінің курсы ашылған. Бұл жаңа ұрпақтың өз тілін ұмытып кетпеуіне септігін тигізеді.

Дереккөз: informburo.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.