«Абай сөзі – әділдік темірқазығы»: колледж студенттері арасында облыстық челлендж өтті

0 40

Жамбыл облысында Ұлы Абайдың туған күніне орай колледж студенттері арасында «Абай сөзі – әділдік темірқазығы» тақырыбында облыстық челлендж ұйымдастырылды.

Іс-шара 2026 жылға арналған «Заң мен Тәртіп» идеологемасын ілгерілету жөніндегі өңірлік жобалық офистің іс-шаралар жоспарының 45-тармағына сәйкес 17–20 тамыз аралығында өткізілді.

Челлендждің басты мақсаты – жастар арасында Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау, ақын шығармаларындағы әділдік, адалдық, ар-ұят, білім мен еңбек құндылықтарын дәріптеу және студенттердің азаматтық жауапкершілігін арттыру.

Облыстық челленджге Жамбыл облысының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері мен педагогтері белсенді қатысты. Қатысушылар Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінен әділдік, адамгершілік, білім, еңбек және жауапкершілік тақырыптарындағы үзінділерді мәнерлеп оқып, олардың тәрбиелік мәнін шығармашылық форматта жеткізді.

Челлендж аясында колледждер дайындаған бейнематериалдар білім беру ұйымдарының ресми әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланып, арнайы хэштегтер арқылы кеңінен таратылды.

Сонымен қатар, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің базасында педагогтер арасында Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған интеллектуалды ойын ұйымдастырылды. Қатысушылар ақынның өмір жолы, шығармалары, қара сөздері мен рухани мұрасына қатысты сұрақтарға жауап беріп, білімдерін ортаға салды.

Аталған іс-шаралар Абай мұрасындағы әділдік пен адамгершілік қағидаттарын жас ұрпақтың бойына сіңіруге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және ұлы ойшылдың тағылымын білім беру ортасында кеңінен насихаттауға бағытталды.

Абайдың «толық адам» тұжырымдамасы мен адамгершілікке үндейтін өсиеттері бүгінгі жастар үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осы бағыттағы тәрбиелік іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында адалдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және әділдік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.