Ұстаздар ұлттық біліктілік тестілеу жайлы: Жалақымызды арттыруға зор мүмкіндік

0 23

Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізу мәселесін көтеріп, категорияларды ұлттық біліктілік тестілеу арқылы беру керектігіне баса назар аударған болатын. Осы ретте еліміз бойынша педагог қызметкерлерге арналған ұлттық біліктілік тестілеу науқаны 26-28 мамыр аралығында өтті. Ұлттық тестілеу орталығынан келіп түскен ақпаратқа сүйенсек, еліміз бойынша 60 476 мұғалім ұлттық біліктілік тестілеуінен өтуге өтініш білдірген, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA  Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ұлттық біліктілік тестілеудің өткізілу барысымен жіті танысып, тестілеуге қатысқан педагогтардың ой-пікірлерін білу мақсатында Астана қаласындағы тестілеу орталығына барып, мектеп мұғалімдерімен әңгімелескен едік.

«Шынымен, деңгейлік курстардан өтпеген, жаңа жүйемен таныс емес мұғалімдер үшін ұлттық біліктілік тестілеудің «Педагогика, оқу әдістемесі» блогын өту қиындық туғызатыны рас. Алайда, осының арқасында педагогтар өздерін жетілдіре түсуге ұмтылатын болады деген ойдамын. Жалпы өзің жетік меңгерген пән бойынша тестілеуді тапсыра алмау мүмкін емес. Академиялық тұрғыда дайындығы бар мұғалімдер үшін тестілеу еш қиындық туғызбайды. Сонымен қатар, біліктілікті арттыра отырып, жалақымызды да арттыруға зор мүмкіндік бар» — дейді Астана қаласындағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Шайкенов Сайлау Серікбайұлы.

Ал, Астана қаласындағы №70 мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі, деңгейлік курстардан өткен Серікқайша Сағатбекова сабақ беретін пәні бойынша өз біліміне сенімді болғанына байланысты, тестілеу кезінде ешбір қобалжу сезімінің болмағанын айтады.

«Педагогтарға ешқандай қысым көрсетілмей, әркім өз қалауы бойынша тестілеуге қатысып жатыр. Тестілеудің барлық педагогтар үшін кезекті және уақытынан бұрынғы аттестаттау болып қала беретіні қуантады. Яғни, жаңа аттестаттау мұғалімдердің тілектеріне байланысты. Бір сөзбен айтқанда — егер жаңа оқу жылынан бастап біліктілігің үшін қосымша төлемақы алғың келсе, тестілеуге қатыс, ал бұрынғы біліктілігің бойынша жұмыс істей бергің келсе – өз қалауың деген сөз. Тест сұрақтарына жауап беру барысында бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдау аса қиынға соққан жоқ, алайда берілген мәтін шеңберінде мұғалімнің академиялық және әдістемелік әлеуетін білуге бағытталған мән-мәтіндік тапсырмалар бойынша айтарлықтай уақыт жұмсап, көп ойлануға тура келді» — дейді ол.

Астана қаласы №22 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, 25 жылдық еңбек өтілі бар, жоғары санатты ұстаз Айгүл Садырбаеваның пайымдауынша, өз біліктілігін үнемі арттырып отыратын мұғалімдер үшін бұл сынақ өте орынды, әрі кемшін тұстардың орнын толтыру үшін зор мүмкіндік.

«Ұлттық біліктілік тестілеуінің өткізілу уақыты өте қолайлы, өйткені оқу жылы аяқталып, оқу жылының қорытындысы шығарылды. Ұлттық біліктілік тестілеу сұрақтарының үлгісімен «Егемен Қазақстан», «Білімді ел – Образованная страна» газеттері және Ұлттық тестілеу орталығының интернет ресурстарында танысқан болатынбыз. Тестілеу барысында екі блоктағы тест тапсырмаларына жауап бердік. Атап айтсақ, бірінші блок – «Оқу пәнінің мазмұны» бойынша 70 тапсырма, екінші блок – «Педагогика, оқу әдістемесі» бойынша 30 тапсырма берілді. «Оқыту пәнінің мазмұны» бойынша тест тапсырмалары мұғалімдердің практикалық дағдыларын, терең академиялық білімін тексеруге бағытталған сияқты» — дейді Айгүл Садырбаева.

Елордадағы №64 мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі Әсел Молдабекқызы «педагог-модератор» санатына өту үшін өз бағын сынап келген екен. Ә.Молдабекқызы бұл тестілеуді өз-өзіне оқу жылының соңында берген есеп деп бағалайды.

«Ұлттық біліктілік тестілеу педагог қызметкерлердің білімі мен қабілетін анықтаудағы зор мүмкіндік. Аттестаттаудан өткен мұғалімдерге «педагог-модератор», «педагог-эксперт», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» деген жаңа категориялар беріледі деген жаңалықты қуанышпен қарсы алдым. Жеке өз басым «педагог-модератор» категориясы бойынша тестілеуге өтініш берген едім. Аттестаттаудан барлық өтініш білдірушілер өте алады дегенді естіген соң бірден өтініш жазуға бел будым» — дейді Әсел Молдабекқызы.

Ал №79 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі, білім беру саласында 24 жылға жуық еңбек еткен Марал Бермаганбетов мұғалімдер біліктілік тестілеуін тапсыра отырып, өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыра түсетіндігін айтады.

«Тестілеудің нәтижесінде мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты өседі. Бүгінде ұстаздар қауымы жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасы шеңберінде білім беруде. Халықаралық стандарттарға сай әрі Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен зама­науи оқу бағдарламаларынан тұратын жаңартылған мазмұндағы білім беру – балаларымыздың жарқын болашағының кепілі. Өйткені жаңартылған бағдарлама балаларға қажетті функциялық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады. Мұғалімдерді аттестаттаудан өткізудің жаңа форматтағы жүйесі шеңберіндегі тестілеу сұрақтары орынды әрі сауатты құрылған деп анық айта аламын. Бүгінде әріптестерімнің көбі өз еріктерімен осы ұлттық біліктілік тестілеуден сүрінбей өтіп жатыр. Бұл мұғалімдеріміз білімді де білікті, оқу бағдарламасын жетік меңгерген, өздеріне сенімді және ешбір тестілеуден қорықпайды дегенге саяды» — дейді педогог.

№37 Орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 20 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты ұстаз Арман Әзімханұлы да ұлттық біліктілік тестілеуінің ұтымды тұстарымен бөлісті.

«Оқу пәнінің мазмұны» және «Оқу әдістемесі мен педагогика» модульдері бойынша әзірленген сұрақтардың 70%-ы пәндік білімге және 30%-ы педагогика мен әдістемеге бағытталған. Тестілеуге бөлінген 3 сағат 20 минут уақыт кітапшадағы сұрақтарға толыққанды жауап беруге жеткілікті. Әрине, математика, физика, химия, информатика пәндері бойынша 30 минутқа артық уақыт бөлінген, бұл аталмыш пәндердегі есеп-қисапқа байланысты болар. Айта кеткен жөн, педагог қызметкерлерді аттестаттау үшін Ұлттық тестілеу орталығымен қалыптастырылған сұрақтар орынды әрі сауатты құрастырылған» — дейді Арман Әзімханұлы.

Сонымен, педагогтардың біліктілік санаттарын тағайындау екі кезеңде жүргізілетінін атап айту қажет. Яғни, мамыр айында тестілеуден өткен мұғалімдер қызметтің қорытындыларын кешенді талдамалық қорытындылау кезеңіне құжаттарын тапсырады. Ал тестілеуден өте алмаған немесе белгілі бір себептерге байланысты тестілеуге қатыса алмаған мұғалімдердің алдағы қараша айында тестілеуді тапсыру мүмкіндіктері бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.