Жолтай Барлықов:»Алғашқы домбырамды Тоқтар Серіков алды»

0 90

Жақсы домбыраны қандай ағаштан жасайды? Үні әдемі болуы тағы да неге байланысты? Қазақтың домбырасы үлкендігі жағынан неге біртіндеп өзгерді? Жақсы домбыраны қаншаға жасатуға болады? Қазір домбыраға қызығушылық қандай? Осы және басқа да көптеген сұрақтар төңірегінде домбыра жасаушы шебер, республикалық «Аңыз домбыра» байқауының жүлдегері  әңгімелескен едік. Жолтай аға күйге арналған кәсіби домбыра жасауға маманданған. Оның айтуынша, бүгінде шеберлер жақсы домбыра жасауға ағашты кейде шетелден алдырады. Домбыра күні белгіленгені біз үшін қуанышты жаңалық болды дейді Жолтай Қабылқақұлы.

Алғашқы домбырамды Тоқтар Серіков алды

Жолтай аға, домбыра жасауды кімнен үйрендіңіз?

– Домбыраға деген сүйіспеншілік біздің тегімізде бар деп ойлаймын. Әкем күйші болған адам. Жастайынан домбырасын өзі жасап, күй шерткен. Ол еліміздің танымал күйшілерінің бірі Қабылқақ Барлықов. Әкем 1962 жылы Қытайдан келгендіктен әсіресе Алтай, Тарбағатайдың күйлерін орындайтын. Сонымен қатар, арғы жақтағы күйшілердің күйлерін әкелді. Бастапқыда Семейдің Үржарында тұрдық, біз сол жерде дүниеге келдік. 1976 жылдары Алматыда күйшілердің арасында байқау өтіп, әкем сол жерде көзге түседі. Сөйтіп Құрманғазы оркестріне қабылданды. Әкеміз ешқандай консерваторияны бітірмеген. Алайда, жастайынан домбыраны жанына серік еткендіктен дайын күйші ретінде қабылданды. Күйшінің баласы болғандықтан домбыраның үні бала кезімізден бойымызға сіңді. Айналамыз күйшілер мен өнер адамдарына толы болды. Сондықтан отбасымызбен домбыраға, жалпы музыкаға жақын болдық. Домбыра жасау өнеріне жайдан-жай келгенім жоқ, қанда бар нәрсе бәрібір жібермейді екен.

2004 жылы жолдасым Әбдікәрім хабарласып, «Жолтай, шеберхана аштым, келсеңші» деп қайта-қайта шақырды. Бір күні шеберханасына барсам, 3-4 шебер жұмыс істеп жатыр екен. Екі-үш рет барған соң қызығушылық пайда болды. Домбыра жасауға себепкер болған сол Әбдікәрім еді. Содан бірінші домбырамды жасадым, «енді не істеймін мұны» деп қоям іштей. Не керек, ол бірден кәсіби әншінің қолына түсті. Тоқтар Серіков бауырымыз алды. Соған қарағанда сәтті шыққан болу керек. Бізге бірнеше рет тапсырыс берді. Байқағаным ол өнерлі, жалындап тұрған балалар көрсе домбырасын сыйлап жібереді екен. Ол кезде шеберханамыз Қазақконцерттің астында еді. Арасында Секен Тұрысбек, Алтынбек Қоразбаев ағаларымыз келіп тапсырыс беріп тұратын. Қазір Алмас, Советхан деген шеберлермен осы шеберхананы бірге жалдап жұмыс істеп жатырмыз.

Домбыраны біреулер бітеу ағашты шауып, енді біреулері құрап жасайды. Сіз қандай тәсілді ұстанасыз?

– Мен шауып жасамаймын, менікі – құрама домбыра. Оны жасау процесі ұзақ. Ағаш кепкен болуы керек. Одан кейін ағаштың жақсысын көріп, сезе білуің керек. Оның бәрін айтып жеткізу қиын. Бәрін іштей сезесің. Жасап болған соң домбыра бірден сөйлеп кетпейді. Үнін тексеріп көресің, бір жері ұнамауы мүмкін. Сосын тағы бір ағашпен бетін жабасың. Домбыраны жасау барысында, яғни, өзіңнің көңіліңнен шығатындай үнді іздеуде 2-3 қақпақ жабылады. Одан әрі домбыраның тембрін шығару және тағы басқасы шебердің өзіне байланысты.

Домбыра жасауда қандай ағашты пайдаланған жөн?

– Негізі үйеңкіден жасайды. Өзіміздің қайың да жақсы. Көбіне тапсырыспен Ресейден бүк ағашын алдырамыз, қазақ оны шәмшат дейді. Шетелден келетін ағаштар да жеткілікті. Қызылағаштың түрлерін де пайдаланады. Қара ағаштан да жасап жатады, ол домбыраға рең беріп, әдемі етеді. Олардың дыбысын шығару да өзіңе байланысты.

Бұрынғы қазақтың домбырасы шағын болатын

Жалпы домбыра неше түрге бөлінеді?

– Домбыра негізі қалақ және құрама болып екіге бөлінеді. Қалақ – шауып жасайтын домбыра. Көбіне оны әншілер, шертпе күйшілер алады. Бұрынғы қазақтың домбырасы сондай еді. Өзі кішкентай ғана, қоржынға салып, аттың үстінде алып жүруге ыңғайлы. Біртіндеп заман талабына қарай домбыра да үлкейіп жатыр. 1930 жылдары Ахмет Жұбанов домбыраны оркестрге лайықтап жетілдіре бастады. Яғни, Батыстың классикалық музыкаларына келетіндей етіп өзгертілді. Пернелеріне дейін соған икемделді. Құдайға шүкір, сол үлгімен қазір домбырамыз қазақты дүние жүзіне танытып жатыр.

Қазір домбыраға деген сұраныс қалай?

– Бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Біздің кезімізде, яғни 1970 жылдары домбыра тарта білетіндер сирек еді. Мың баладан біреу ғана шығатын. Бір мектепте бір ғана бала домбыра тарта білетін. Домбыра үйірмесі бар болса да көбі қызыға бермейтін. Қазір жақсы. Жастардың домбыраға деген қызығушылығы зор. Өз басым олардың домбыраға деген ықыласын көріп қуанып қаламын.

Домбыра жасауға қанша уақыт кетеді, бір айда қаншасын жасап шығарасыз?

– Нақты мұнша жасаймын деп айта алмаймын. Бәрі тапсырысқа байланысты. Кәсіби күйшілерге арнап жасайтын болғандықтан тарсылдатып сапасыз домбыраны жасай бермеймін. Күйшілерден, әншілерден айына 3-4 тапсырыс кеп жатады. Ол жай домбыра емес, кәсіби, танымал күйшіге арналғандықтан дыбысына көп мән береміз. Олар біраз уақытты алады. Жақсы домбыраны шерткен кезде ол адамды алға қарай жетелеп отырады. Егер үні нашар болса күйшілер оны тартқысы да келмейді. Қолына алып біраз тыңқылдатып «жақсы екен» деп қоя салады. Кейде музыка мектептері мен колледждерден үлкен тапсырыс кеп жатады. Ондай кезде екі көмекшімді көмекке шақырамын.

Тапсырыс шетелден де түседі

Танымал музыканттардан кімдерге домбыра жасап бердіңіз?

– Еліміздегі біраз күйші, әншілер домбырамызды алып, жақсы бағасын беріп жатады. Олардың қатарында Секен Тұрысбек, Біләл Ысқақов деген ағаларымыз бар. Аса атақты болмаса да мықты орындаушылар домбырамызға тапсырыс беріп тұрады. Мысалы, Қызылордада, Астанада мықты домбырашылар бар.

Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?

– Ондайға әлі жете қойғам жоқ. Дегенмен, үйренгім келеді деп, құлшыныс танытып тұрған бала болса неге үйретпеске? Қазір кішкентай немеремді баулып жүрмін.

Аға, қазір домбыраны шетелде де танып, біліп жатыр. Шетелден домбыраға тапсырыс түсе ме?

– Анда-санда болып тұрады. Шетелде тұратын өзіміздің қазақтар тапсырыс береді. Германия, Францияда тұратын ағайындарға жасап бергенім бар.

Домбыраңызды қаншаға бағалайсыз?

– Кәсіби жақсы домбыралар 70 мың теңгеден жоғары. Ең мықтылары 300 мың теңгеден жоғары. Бірақ қатып қалған баға жоқ. Домбыраны үйренуге деген ынтасы зор екенін көрсем, өтінішін орындауға тырысам.

Отбасымызбен музыкаға жақынбыз дедіңіз, үйде өнер жолын таңдаған жандар бар ма?

– Өзім үшінші сыныптан бастап домбырада ойнадым. Мектепте сайыс болса бірінші орынды бермейтінмін. Кейін осы жолды таңдадым. Есесіне інім Ертай жақсы күйші, байқауларда лауреат атанып жүр. Екі қарындасым да музыкант. Шынар деген қарындасым Астанада Айман Мұсаходжаеваның аспаптар квартетінде скрипкашы. Тағы бір қарындасым Шолпан Мәскеуде. Ол Мәскеу консерваториясын бітіріп, қазір сонда сабақ береді.

Жақында бәріміз жиналып әкеміздің 80-жылдығына орай Алматыдағы Жамбыл атындағы филормонияда еске алу концертін өткіздік. Әкеміздің әнін орындаған әншілер, күйшілер келді. Қабдеш Жұмаділовтен бастап әкемізді көрген біраз адамдар келіп, естеліктерімен бөлісті. Еркін Шүкіманов, Нұржан Жанпейісов сынды әншілер болды. «Отырар сазы» оркестрі әкеміздің шығарған күйін орындады.

Домбыра күнін белгілеу біз үшін қуанышты жаңалық болды

Әкеңіздің қандай күйлері бар?

– Ол кісі бірнеше күй шығарды. Соның ішінде өзіме ұнайтыны «Әке арманы». Біз анамыздан ерте айырылдық, ол кезде 4-5 жастағы бала едік. Әкеміз төрт баламен жалғыз қалған. Бұл сол кездегі әкеміздің балаларын жетілдіру, олардың болашағына үміт арту сияқты ішкі күйзелісінен шыққан күй еді.

Домбыраны қалай сатасыз?

– Базарға шығармаймын. Домбырам оның қадірін білетін адамдардың қолында жүргенін қалаймын. Күйшілермен, нағыз өнерді бағалай білетін адамдармен жұмыс істегенді ұнатамын. Астана күні қарсаңында ұйымдастырылатын көрмелерге жылда қатысып тұрамын.

Базарда тұрған арзан домбыралар туралы не айтуға болады?

– Оны бала алғаш домбыра үйреніп жүргенде пайдалануға болады. Бала домбыраны тартып кете ме деп екі ойлы боп жүрген ата-ана арзан болған соң соны алып береді. Ертеңінде баланың қабілеті бар екені көрініп, ары қарай дамып жатса, шеберлерге келе бастайды. Өз басым ондай арзан домбыра жасап көрмеппін.

Қазір қандай домбыра жасап жатырсыз?

– 1 шілде күні Астанада Домбыра күніне арналған үлкен көрме өтеді. Соған біраз жұмысымды апарып қойсам деп еңбектеніп жатқан жайым бар. Биыл бірінші рет өтетіндіктен домбырашылардың барлығы оған қуанып жүр. Одан кейін Астанадағы академияның профессор, күйшілері «жақсы домбыраң болса алып келсеңші» деп еді. Оның бірі Жанғали Жүзбаев деген мықты күйші. Тапсырыс беріп жатқан күйшілер көп. Олардың көңілінен шықса жақсы. «Жақсы» десе жақсы, «нашар» десе нашар. Оған еш ренжімеу керек. Кәсіби күйшілер домбыраның жақсысын біледі ғой, олармен дауласа алмайсың. Енді солардың көңілінен шығуға тырысып жатырмын.

 Дереккөз: Bag.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.