Елімізде домбыраға ескерткіш орнатылды

0 0

Шығыс Қазақстанның Жарма ауданында Ұлттық домбыра күніне орай биіктігі 7 метрлік ескерткіш орнатылды, — деп хабарлайды  «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Биыл еліміз бойынша тұңғыш рет тойланатын Ұлттық домбыра күнін Жарма ауданы ауқымды мәдени шарамен бастап кетті. Аудан орталығы — Қалбатау ауылының Достық көшесінен тұғыр тапқан еңселі ескерткіштің авторы — жас мүсінші Нұрбол Қалиев.

«Ескерткішке тапсырыс аяқ астынан түсті. Қысқа мерзімнің үшінде 3 нұсқасын дайындадық.  Соның ішінде киелі емен ағашын жарып шыққан мүсінге таңдау түсті. Қазақ шежіресін де ағаштың тамырындай етіп таратады. Еменді сондықтан таңдадық» — дейді ескерткіш авторы.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Нұрлан Сыдықов ескерткіш аумағын ұлттық мұраны дәріптеп, өнер құдыретін насихаттайтын орынға айналдыруға күш салатынын атады.

«Біздің заманымыздың V ғасырында жасалған құдыретті қара домбыраның Алтай тауынан табылуы әлемдегі шертпе аспаптардың атасы — қос ішекті домбыра екенін көрсетеді. Бұл ескерткішті қазақ даласынан домбыра үні үзілмесін деген тілекпен орнаттық» — деді аудан әкімі.

Ескерткіштің биіктігі — 7 метр, ені — 3 метр.

Мыңнан астам адамның қатысуымен өткен мерекелік шарада танымал күйші-композитор Айбек Бекбосынов «Елбасы толғауы», «Мәңгілік», «Тарбағатай» сияқты авторлық күйлерін орындады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.