Жайнамазды тепкен тараздық жаттықтырушы елден кешірім сұрады (ВИДЕО)

0 2

Таразда жайнамазды теуіп, бұқара ашуын туғызған бапкер Алмат Баетов, бұл ісіне өкінетінін жеткізді. Жасаған әрекеті үшін халықтан кешірім сұрады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі.

Ол бұл қылығын ашуға беріліп, бой алдырғанын және өзінің діни сауаттылығының төмендігімен түсіндірді. Аталған келеңсіздікке байланысты, облыс әкімі Асқар Мырзахметов спорт басқармасының бірнеше қызметкерін жұмыстан босатты. Күллі халықтың ашуын тудырған жаттықтырушы, бейнежазба таралып кетісімен-ақ жұмыстан шығарылған болатын.

— Əлеуметтік желіде тараған бейнекөріністен теріс қылығымды, діни сауаттылығымның аздығын көрсетіп қойдым. Сол себепті  мұсылман қауымнан шын жүрегіммен кешірім сұраймын, — деді Алмат Баетов.

Сондай-ақ, футбол бапкері теріс қылығы үшін қатты өкінетінін жеткізді.

Ал болған жайтқа қатысты нақты қолданатын шараны облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли баяндады.

— Қазіргі таңда арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамында үкіметтік емес ұйымның, діни басқарманың,ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңестің өкілі және тиісті мекемелердің басшылары кіріп отыр. Олар істің мән-жайын, ақ-қарасын анықтағаннан кейін,жұмыс тобының нәтижесін қосымша хабарлайтын боламыз.Ал осы тікелей орын алған спорт мекемесі басшылығының жауапкершілігі қаралып жатыр, заңға сәйкес олар да ешқандай жауапкершіліктен құтылмайды,орын алып жатқан келеңсіз оқиғаға заң алдында жауап беретін болады,— деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали. 

Естеріңізге сала кетейік, жаға ұстатар жағдай «Атлетик» спорт кешеніндегі оқу-жаттығу жиыны кезінде орын алған болатын. Бес парыздың бірін орындап тұрған оқушыларды жаттықтырушы ұрысып тоқтатпақ болған, алайда балалар намазын жалғастыра бергендіктен, ашуға берілген бапкер жайнамазды теуіп, жеткіншектерді жұлқылап, ақыры құлшылықты тоқтатқан болатын. Facebook әлеуметтік желісінде бапкердің шәкірттерін ұрысып-балағаттап, олардың намаз оқуларына кедергі келтірген видеоролик тарап кеткен болатын. Артынша бұл оқиғаның Жамбыл облысында болғаны анықталды. Кейін облыстық спорт басқармасының басшысы ұстаздың қызметтен қуылғанын мәлімдеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.