Тараздағы спорт мектебінде орын алған жаттықтырушының өрескел əрекеті жұрттың наразылығын тудырған еді. Аталған жағдайды аймақ басшысы назарға алды. Қазір облыс əкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі.
— Қазіргі таңда арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамында үкіметтік емес ұйымның, діни басқарманың,ардагерлер кеңесінің, қоғамдық кеңестің өкілі және тиісті мекемелердің басшылары кіріп отыр. Олар істің мән-жайын, ақ-қарасын анықтағаннан кейін,жұмыс тобының нәтижесін қосымша хабарлайтын боламыз. Ал осы тікелей орын алған спорт мекемесі басшылығының жауапкершілігі қаралып жатыр, заңға сәйкес олар да ешқандай жауапкершіліктен құтылмайды, орын алып жатқан келеңсіз оқиғаға заң алдында жауап беретін болады. Елді дүрліктірген кешегі əлеуметтік желіге тараған бейнежазбадан демалыста жүрген облыс әкімі хабардар болды. Қазір тікелей бақылауында. Ол кісі осы мəселеге қатысты жауапты азаматтардың заңға сәйкес жауапкершілігі қаралу керектігін тапсырды. Сол бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр, — деді Берік Құрманғали.
Сондай-ақ, Берік Құрманғали оқиға орын алған спорт мекемесі басшысының да жауапкершілігінің қаралып жатқандығын, заң алдында жауап беретінін айтты. Ал оқиға орын алған мекемеге тікелей басшылық жасайтын дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековке облыс әкімдігінің тапсырмасымен сөгіс берілді.
Естеріңізге сала кетейік, жаға ұстатар жағдай «Атлетик» спорт кешеніндегі оқу-жаттығу жиыны кезінде орын алған болатын. Бес парыздың бірін орындап тұрған оқушыларды жаттықтырушы ұрысып тоқтатпақ болған, алайда балалар намазын жалғастыра бергендіктен, ашуға берілген бапкер жайнамазды теуіп, жеткіншектерді жұлқылап, ақыры құлшылықты тоқтатқан болатын. Facebook әлеуметтік желісінде бапкердің шәкірттерін ұрысып-балағаттап, олардың намаз оқуларына кедергі келтірген видеоролик тарап кеткен болатын. Артынша бұл оқиғаның Жамбыл облысында болғаны анықталды. Кейін облыстық спорт басқармасының басшысы ұстаздың қызметтен қуылғанын мәлімдеді.