Тараздық тұрғындарға мемлекеттік қызмет түрлері жан-жақты түсіндірілді

0 13

Бүгін Тараз қаласы «Орталық базар» сауда-саттық орталығының аумағында «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» жәрмеңкесі өтті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Аталған шара мемлекеттік қызметтерді ашық, қол жетімді, әрі сапалы көрсету мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы — «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаменті және Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізіліп отыр.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Жанәділ Құрбанов:

— Бүгін міне,  Тараз қаласының ірі сауда орындарында «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұл жәрмеңкенің басты мақсаты қарапайым халыққа, қала тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің алу тәртібі, шағымдану тәртібі сонымен қатар, қазіргі таңда көрсетілетін қызметтерді электронды нысанда алуды түсіндіру жұмыстары болып табылады, — дейді.

Сондай-ақ, іс-шара шеңберінде онлайн қызметтердің мүмкіндіктерін кеңейту,  оның ішінде «электрондық үкімет» порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізіліп, Тараз қаласы әкімдігі бөлімдерімен  халыққа толық ақпарат берілді. Оған  жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша  денсаулық сақтау, білім, жер қатынастары, азаматтық хал актілерін тіркеу және басқа да бағыттар бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін сала  мамандары қатысты. Мақсаты – халыққа кеңес беру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді барынша оңайлату, қол жетімділікті дамыту, сапасын арттыру.

Жәрмеңке барысында азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сұранысқа ие салалары бойынша (жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сәулет және қала құрылысы, білім беру, жұмыспен қамту, АХАТ, ветеринария, халықты жұмыспен қамту орталығы) қажетті консультативтік-әдістемелік көмек көрсетілді.

Айта кетейік, бұл жәрмеңке тек Тараз қаласының облыс орталықтарында ғана емес барлық ауданда, ауданнан шалғай орналасқан елді мекендерде де өткізіліп жатыр. Жалпы, осы уақытқа дейін 30-дан аса жәрмеңке өткізілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.