Шу ауданында кезекті футбол маусымы өз мәресіне жетті

0 1

Шу ауданында көктемнің шуақты күнінде басталған кезекті футбол маусымы өз мәресіне жетті. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.

Осыған орай, ауданда Сары Хасенов атындағы стадионда аудан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Клара Қожағаппанова, аудандық футбол федерациясының тізгінін ұстап отырған Ерболат Досымбаев, ауданымыздың спорт және футбол ардагерлері мен жанкүйерлер қатысты.

Алғаш болып сөз алған Клара Қожағаппанова жүлделі орындардан көрінген командаларды шын жүректен құттықтап, аудандық футбол федерациясының атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді.

Мамыр айында басталған бұл бәсекеде барлығы 8 команда бақ сынады. Олар бір-бірімен екі реттен жолығып, алты ай бойы әр команда 14 ойыннан өткізді. Ойындар барысында әр жеңіс 3 ұпай, тең ойын 1 ұпай, жеңіліс 0 ұпаймен  бағаланып,  ең жоғары ұпай жинаған үш команда жүлделі орындарды бөлісті. Нәтижесінде, 35 ұпай жинаған «Төле би» командасы футболдан 2018 жылғы аудан чемпионы атанса, олардан 5 ұпайға қалыс қалған «Көктөбе» командасы тұғырдың екінші сатысынан көрінді. Ал, 25 ұпай жинаған Шу қаласының «Қайрат» командасы жүлделі үшінші орынды місе тұтты. Бұл командалардың барлығы аудандық футбол федерациясының тарапынан тағайындалған медальдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ, осы  біріншілік барысында жеке шеберлігімен көзге түскен футболшылар да ескерусіз қалмады. Атап айтар болсақ, чемпионат барысында өз қақпасын талай қауіпті соққылардан қорғаған және ең аз голл жіберген «Төле би» командасының ойыншысы Ербол Айнақұлов «Ең үздік қақпашы» атанса, 14 ойында қарсылас қақпасына 31 голл тоғытқан тағы бір төлебилік ойыншы Жұмағали Құрасбеков чемпионаттың үздік сұрмергені атағын иеленді. Ал, қорғаныс шебінің үздігі ретінде «Көктөбе» командасының  ойыншысы Бақыт Бексейітов танылса, «Алға» командасының ойыншысы Біржан Ізбасаров чемпионаттың «Ең үздік футболшысы» атанды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.