Жамбыл облысында қант диабеті диагнозымен 17 510 адам есепте тұр

0 5

Қазіргі таңда Жамбыл облысында қант диабеті деген диагнозбен есепте тұрған саны 17 510 мыңға жетіп жығылған. Бұл туралы «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ал, жалпы еліміз бойынша Ұлттық қант диабеті регистрінің мәліметінше, жыл басында қант диабеті деген диагнозбен есепте тұрғандар саны 309 мыңға жеткен. Оның 18 мыңы бірінші типтегі диабетпен, 291 мыңы екінші типпен ауырады. Екінші типтегі диабетке шалдыққандардың 65 пайызы – әйелдер. Сусамырға шалдыққан отандастарымыздың 6 мыңға жуығы катарактадан зардап шексе, 3 мыңы инфаркт алған. Бір мың адамның аяғы немесе қолы кесілген.

Диабеттің алдын алу үшін: салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, шектен тыс тәтті немесе майлы тамақтардан бас тарту, спортпен айналысу, темекіден бас тарту, дәрігерге уақтылы қаралып, қандағы қант мөлшерін анықтап отыру қажет.

Биылдан бастап қазақстандық мектептерде газдалған тәтті сусындар мен шоколад сатуға тыйым салынды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, енгізілген жаңа стандарттар балалардың зиянды тағамдарды пайдалануын шектемек. Министр жұртшылықты орын алған кемшіліктер жайында Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне хабарлауға шақырды.

Қазақстанда қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар.

Диабетті диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады. Ең алдымен әр пациент өз денсаулығы үшін өзі жауапты: ол арнайы күнделік ашып, күн сайы қан мен несептегі қант деңгейін, несептегі ацетон мөлшерін, салмағы мен қан қысымын жазып жүруі тиіс. Бұл науқастың ахуалын анықтап, емдеу схемасын ауыстыруға, терапияны, диета мен физикалық жаттығулар бағытын реттеп отыруға көмектеседі.

Диабет белгілерін байқаған жағдайда эндокринолог-дәрігерге қаралу қажет. Ең алдымен қандағы қант мөлшерін анықтау үшін анализ тапсырасыз (қанды аш қарынға тапсырады). Сонымен қатар, дәрігер сізге глюкозаға төзімділік сынамасына, несептегі глюкоза құрамын, қандағы инсулин, С-пептид және гликирленген гемоглобин мөлшерін анықтауға жолдама береді.

Диагноз расталса пациентті ең алдымен «Диабет мектебіне» жібереді. Әрбір емхана жанында жұмыс істейтін бұл кабинеттер глюкометрдің көмегімен қандағы қант деңгейін өлшеу, дұрыс тамақтану мен инсулин екпесін салу жолдарын үйретеді. Бұл екпелер қарынға немесе санға салынады.

Диабетпен өмір сүруге болады. Бірақ ол тәртіп пен өзін-өзі бақылауды талап етеді. Технология күн сайын жаңарып жатқан бүгінгі заманда диабетке шалдыққандарға да қолайлы жағдай жасалып жатқаны шындық. Мәселен, қандағы қант деңгейі жоғарылай бастағанда смартфонға хабарлама жіберетін мониторинг құралдары бар. Шприцті аз пайдалануға мүмкіндік беретін инъекциялық порттар жасап шығарылды (iPort Advance түтікшесін үш күнге терінің астына қояды, ол қанға инсулин жіберіп тұрады). Ғылым жетістіктерінің бірі – глюкозаға сезімтал келетін «ақылды гель». Жапондық ғалымдар әзірлеген полимерлі гель терінің астына егіледі. Қант деңгейі көтеріле бастағанда ол инсулиннің қажетті мөлшерін қанға жіберіп отырады.

Авторы: «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы

Leave A Reply

Your email address will not be published.