Таразда жұма сайын тегін нан таратылуда

0 16

Тараз қаласы Жансая шағын ауданындағы шағын дүкен иесі әр қасиетті жұма сайын тегін нан таратып, жергілікті тұрғындардың алғысына бөленіп жүр. Мұндай сауапты істі ол дәстүрге айналдырып, 3 жылдан бері үзбей жасап келеді. Бұл ақпаратты осы мөлтекаудан тұрғыны, жасы сексеннен асқан қария Күләш Бектемісова жеткізді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Шаһардағы 11 шағын ауданында орналасқан «Абылайхан» дүкенінде жұма сайын сөреге қойылған нандар көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларына тегін үлестіріледі.

Күләш БЕКТЕМІСОВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

— Қандай жомарт адамдар бар. Кішіпейіл, дүкенге кірсең күлімдеп қарсы алады. Осы пейілімен біз жұма сайын тегін нан алып, дүкен иесі ел-жұрттың алғысына бөленіп отыр. 

Жетібаевтар отбасы дүкенді 2013 жылы ашқан екен, игілікті істі 2016 жылдан бері қолға алыпты. Содан бері осылай жасауды дәстүрге айналдырған. Олар тек жұма сайын ғана емес, әр жылы Рамазан кезінде де бір ай бойына тегін нан таратады.

Ержан ЖЕТІБАЕВ, ДҮКЕН ҚОЖАЙЫНЫ: 

— Жалпы өзіміз осындай шешімге келдік. Жұма сайын 60 нан тарату. Өзім осы мөлтек ауданында 1981 жылдан бері тұрамын. Тұрғындардың тұрмыс жағдайын көріп отырмын. Нан көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасыларына тегін таратылады.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Ержанның жомарттығымен қатар, патриоттығын да аңғардық. Елімізде латын қарпінің әліпбиі жария етілгеннен бастап, ол дүкен атауын латынша жазуға ауыстырыпты. Өзге де кәсіпкерлер осындай игілікке бет бұрып, үлгі ала білсе өзіне игілік.

Дереккөз: Jambyl tv

Leave A Reply

Your email address will not be published.