Облыс әкімдігінде өңірдегі құс және тауарлы балық шаруашылығын дамыту туралы жиын өтті

0 0

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өңірдегі құс және тауарлы балық шаруашылығын дамыту туралы жиын өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасы басшысы Берік Нығмашев баяндама жасап, облыстағы құс шаруашылығының жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша бүгінде өңірде барлығы 1 619 728 құс бар болса, оның 843 646-ы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына тиесілі. Ал, қалған 733 826-сы жеке-қосалқы шаруашылықтардың қарамағында.

Басқарма басшысының айтуынша, 2017 жылдың 1 қаңтарына құс еті өндірісі 615,3 тоннаны құраса, соңғы екі жылда құс еті өндірісі 7 есеге артып, 4 247,1 тоннаға жеткен. Тиісінше жұмыртқа өндірісі 131 099,2 мың дананы құраған. Әйтсе де, бұл облыс тұрғындарының қажеттілігін толық қамтамасыз етуге қауқарлы көрсеткіш емес.
Айта кету керек, құс шаруашылығы бойынша облыста бар-жоғы екі ғана кәсіпорын бар. Олар Байзақтағы «Аулие Ата-Феникс» және Жамбыл ауданындағы «Аса Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Асқар Исабекұлы құс шаруашылығын дамыту бойынша облыстағы әрбір ауданның әлеуетіне жекелей талдау жүргізуді тапсырып, талдау қорытындысы бойынша арнайы дерекқор қалыптастыру керектігін жеткізді. Сондай-ақ, өңір тұрғындарын жеткілікті түрде құс еті және жұмыртқасымен қамтамасыз ету жолында кәсіпорындардың өндіріс көлемін арттыру қажеттілігіне баса көңіл бөлді.

Жиында жеке-қосалқы шаруашылықтардағы құс санын көбейтудің жайын барлай отырып, бұл бағытта кооперативтер құру арқылы жұмысты жүйелеудің маңыздылығы мен тиімділігі айтылды. Сонымен қатар, тек қана тауық емес, өңірде бөдене, үйрек, қаз, күркетауық секілді құс шаруашылықтарын да дамытуды жолға қою қажеттілігі сөз болды.

Басқосудың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов сөз алып, балық шаруашылығын дамыту барысына тоқталды.

Бүгінде облыс бойынша су айдындарының барлық саны 118, қосымша келісімге отырғандардың саны 20, бекітілген су айдындарының саны 86, бос су айдындарының саны 32-ні құрап отыр.

Асқар Исабекұлы табиғи көлдердегі балықтарды аулауға қатысты бірқатар келеңсіз жайттарды ашық айтты. Бекітілген 86 көлдегі жағдайларды анықтауға тәуелсіз сарапшыларды тарту, майшабақтар өсіретін қосымша тәлімбақтар санын арттыру және өзге де мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл жұмыстардан ауылдық округ әкімдіктері де тыс қалмау керектігі ескертілді.

Өңір басшысының тапсырмасына орай жиын барысында қаралған құс, балық шаруашылықтарын облыс аумағында дамыту бойынша жол картасы әзірленетін болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.