Бүгін Жамбыл облысы Сарысу ауданында қос бірдей отбасы жаңа қоныс тойын тойлады. Қасиетті рамазан айында ауданның жеке кәсіпкерлері көпбалалы аналарға баспана кілттерін табыс етті. Бұл туралы ауданның баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Баспаналы болып, қуанышқа кенелген отбасының бірі Байқадам ауылдық округіндегі 5 балалы ана Күлзира Абдуллаева. Үйлері болмағандықтан олар қаншама жылдар бойы жалдамалы пәтер жағалап жүрген. Аталмыш отбасы тұрғын үй мәселесін шешіп, үй алып берген кәсіпкер Тоқтасын Біләлиевке алғысын жаудырды.
«Осы қуанышты сәтті біз ұзақ жыл күттік. Міне, қамқор жандардың, облыс басшысы Асқар ағаның арқасында біздің өз үйіміз бар. Тоқтасын Біләлиев – жерлесім, өзі де көпбалалы отбасында өсті. Көмегі мен қамқоры үшін алғыс білдіремін. Жер аумағы кең, алма жеміс талдары мол үйге қол жеткізгеніме сене алар емеспін. Бау бақша егіп, балаларымның игілігіне жаратамын»,— деген бес баланың анасы қуаныштан көз жасына ерік берді.
Ал, өз кезегінде Тоқтасын Біләлиев кәсіпкерлерді мұқтаж жандарға қол ұшын созуға шақырды. «Осындай қайырымды істен ешкім тыс қалмауы керек. Біздер, кәсіпкерлер мұқтаж жандарға қолдан келген көмегімізді аямағанымыз жөн. Бизнес өкілдері бұл бастамаға қолдау көрсетіп, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетеді деп сенемін. Кәсіпкерлерді қоғамдық іске қолдан келген үлестерін қосуға шақырамыз»,- дейді кәсіпкер.