Жамбыл облысында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді

0 5

Ағымдағы жылдың 27- мамырында  М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында Солтүстік облыстар (СҚО, ШҚО, Қостанай, Павлодар облыстары) өкілдерінің қатысуымен өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді,-  деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру аясында өтетін бос орындар жәрмеңкесін
облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұйымдастыруда. Іс-шара барысында солтүстік облыстар тарапынан мамандық түрлері бойынша бос жұмыс орындары мен көшуге болатын аумақтар ұсынылады. Көшуге ниет білдіруші облыс тұрғындары мен олар баратын өңірдегі жұмыс берушілер арасында тікелей байланыс орнатылып, әркімге өзіне лайықты жұмыс түрін еркін таңдауына мүмкіндік беріледі.

Бағдарламаға қатысушыларды мемлекеттік қолдау үшін көшуіне және тұрғын үй жалдауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын өтеуге субсидиялар беріледі.

Атап айтқанда, көшуге субсидия – әрбір отбасы мүшесіне отыз бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет (88 375 теңге) беріледі. Ал, тұрғын үйді жалдау бойынша шығыстарды өтеуге субсидия – қалалық жерге қоныс аударғандар үшін, он екі ай ішінде ай сайын:
бір адам үшін – жиырма еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (50 500 теңге);
отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде –жиырма бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (63 125 теңге);
отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде – отыз еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (75 750 теңге) төленеді.

Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарды өтеуге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге субсидия – ауылдық жерлерге қоныс аударушылар үшін он екі ай ішінде ай сайын:
бір адам үшін – он бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (37 875 теңге);
отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болған кезде – он сегіз еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде(45 450 теңге);
мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде – жиырма бір еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (53 025 теңге) беріледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.