Отандық тауарларды қаралауға бағытталған ақпараттық науқан болып жатыр — Премьер-министр

0 37

Халық тұтынатын тауарларды шығаратын отандық өндірушілер көп жағдайда сауда алаңдарына қол жеткізе алмайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.

— Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бір ай ішінде «Қазақстанда жасалған» брендімен шығарылатын тауарларды қолдау мен ілгерілетудің кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Сондай-ақ бір ай мерзімде халық арасында ең көп сұранысқа ие басым тауар санаттарын айқындау қажет. Әрбір санат бойынша ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттыруға арналған нысаналы көрсеткіштерді белгілеу керек. Сауда желілерімен бірге отандық сауда маркаларын дамытып, қазақстандық өндірушілермен ұзақ мерзімді жеткізу шарттарын бекіту қажет, — деді О.Бектенов.

Оның айтуынша, халық тұтынатын тауарларды шығаратын отандық өндірушілер көп жағдайда сауда алаңдарына қол жеткізе алмайды, оның ішінде жалға алу ақысының жоғары болуына байланысты қиындықтар да бар. Бұл ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін кеңейтуге кедергі келтіріп, оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

— Сауда желілерінің иелері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру құқықтық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес. Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, өңір әкімдіктерімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, тауарлардың барлық санаттарын, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп пен тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын отандық өндірушілерге сауда алаңдарын жалға алудың қолайлы шарттарын ұсынудың нақты тетіктерін әзірлеуді тапсырамын, — деді Премьер-министр.

О.Бектеновтің сөзіне қарағанда, Қазақстанда өндірілетін танымал тауарларды, атап айтқанда азық-түлік және кондитерлік өнімдерді қаралау үшін әдейі ұйымдастырылған ақпараттық науқандар болып жатыр. Мұның барлығының көздеген мақсаты бір – бәсекелестерді нарықтан ығыстырып, олардың орнын иемденіп қалу.

— Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін ілгерілетуге, отандық тауарларды кеңінен дәріптеуге және оларды негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқанның жүргізілуін қамтамасыз етсін, — деп тапсырды Үкімет басшысы.

Бұған дейін азық-түлік бойынша елде негізгі отандық өнімдер қаншалықты қамтамасыз етілгенін жазған едік.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.