Қала әкімі Қайрат Досаев ардагерлермен кездесті

0 3

Биыл «Көне-Тараз» кешенінің маңында биіктігі 40 метрден тұратын «Сағат» стелласы орнатылады. Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев жергілікті зиялы қауыммен және ардагерлермен өткен кездесуде айтты, − деп хабарлайды «ZhambylNews»  Ақпараттық Агенттігі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткен жиында Таразда атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталған қала басшысы жиылғандарды жоспарланған жобаларға қатысты пікір алмасуға шақырды. Мәселен, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің идеясымен «Шахристан» сауда орнын тиімді пайдалану жоспары өткен жылдың маусым айында қолға алынғанын айтқан Қайрат Әскербекұлы кешенде бой көтеретін өлкетану мұражайын, көрме павильонын, «Руханият» орталығын, көркемдік бейнелеу өнерінің галереясын, қолөнер шеберлерінің галереясын, «Ретро-фестиваль» амфитеатрын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы этно-тарихи кешеннің абаттандыруы мен инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым желілерінің құрылыс жұмыстарын іске асыру жоспарланып отырғанын, 5 арендалық және  21 кредиттік тұрғын үйдің, сонымен қатар Елбасының тапсырмасына сәйкес, халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру  мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы 205 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтып өтті. АталғанБағдарламаға сәйкес тұрғын үйлердің құны 1 шаршы метр – 120,0 мың теңге екен. Бұл үйлер 3 түрлі жобамен әзірленуде: 68 үй (80 шаршы метр) – 9,6 млн.теңге; 68 үй (116 шаршы метр) – 13,92 млн.теңге; 69 үй (125 шаршы метр) – 15,0 млн.теңге. Қайрат Әскербекұлы Бағдарлама аясында 2018 жылы 5 үй,  биыл 9 үй пайдалануға берілгенін айта келе тұрғындарға қолайлы түрде тапсырылуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы штаб құрылып, еріктілер (волонтер) тартылып, кезекте тұрған азаматтарға 7421 ескерту хат таратылғанын жеткізді.

Бұдан бөлек Қайрат Досаев қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу жұмыстарына да аса мән беріліп жүргенін, аймақтағы бұқаралық спортты дамыту басты назарда тұрғанын, аула клубтарының маңызы зор екенін, Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде ”IKomek”-109 қаланың коммуналдық қызметтерінің бірыңғай диспетчерлік орталығын құру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айта келе, жол жөндеу, жылумен қамту, газдандыру, жарықтандыру, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту сияқты маңызды мәселелерге тоқталып өтті.

Осылайша, ашық әңгіме, пікір-алмасу форматында өткен кездесуде зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер де өз ойларын ортаға салып, маңызды мәселелерге тоқталып өтті. Ал айтылған ұсыныс-тілектер мен ой-пікірлер бақылауға алынып, зерделенетінін жеткізген Қайрат Досаев жиналған қауымға алғысын білдіріп, келе жатқан Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.