Жамбыл облысында спорттық ойындар шарасы абақтыда ұйымдастырылды

0
15

Жамбыл облысындағы төтенше қауіпсіздік режиміндегі ЖД-158/7 мекемесінде озық нәтиже берген тәсілдердің бірі – спорт терапиясы. Сондықтан да жоспарланған бағдарламадан бөлек жылына екі рет спартакиада өткізуді дәстүрге айналдырған, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.

Қазір жаза басып, темір торға тоғытылғандарға үрке қарап немесе «оңбағанға сол, қолымен істегенді мойнымен көтерсін» деп қатігездік танытатын заман емес. Себебі, біз құрып отырған қоғамның басты мақсаты – сүрініп кетіп, бүлінген тағдырларды тар қапаста қинап ұстау, оларға сенімсіздік танытып немесе жауыздықпен қарау емес, керісінше қоғамдық өмірге бейімдеу. Істі болғандардың бостандыққа шыққанда өзіміз қатарлы өмір сүруіне, оқшауланып күн кешпеуіне, күндердің күнінде қайтадан темір тордың ар жағына аяқ баспауына жол ашу. Негізінен түрменің ел ішінде « түзеу мекемесі» деп те аталуының сыры осында.

Биылғы жылдың соңғы жазғы спорттық ойындар шарасы абақтыда ұйымдастырылды. Сотталғандар арасында әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі бөлімнің ұйытқы болуымен бастау алған ілкімді бастама 7 ойын түрінен өтті. Атап айтар болсақ, шахмат, дойбы, қол күресі, үстел теннисі, арқан тартыс, кіші футбол, турникке тартылу. Ашық аспан астында өткізілген жарыс екі күнге жалғасып, қызықты әрі тартысқа толы болды. Әрбір ойыншы жасақ абыройы үшін қолдан келгенше тырысып-бағып, үздіктер қатарынан табылу мақсатында барын салды.

Бәсекелі додада кіл мықтылар арасынан кім мықтыны саралау оңайға соқпады. Сайыс нәтижесіне сәйкес ақылмен ойлап, тез есептесе, ой ұшқырлығымен шахматтан бірінші орынды Мамеджан Барахунов алса, 2 және 3- орындарды Николай Литош пен Юрий Голубцов иемденді. Үстел теннисінде мыңның ішінен суырылып шығып, шапшаң қимылдап,ептілігін дәлелдей алғандар ол Тимур Жалғасбаев, Ислам Арифов, Гадил Байарыстанов болды. Құрыш білектілер қатарында көш бастаған ол Аслан Нұғманов болса, Фурхат Исмайлов пен Жаңаберген Беримов та осал еместіктерін байқатты. Командалық сайыста кіші футболдан 3-жасақ үздік атанса, 2-жасақ 2-орын, 3-орынды 4-жасақ қол жеткізді. Ал ұлттық ойын арқан тартыстан ұйымшылдығымен оза шауып 1-жасақ бірінші жеңіс тұғырынан көрінсе, 6 және 3-ші жасақтар екінші, үшінші орындарға ортақтасты.

Барлық жеңімпаздар марапатталып, ынталандыру сыйлығы ретінде доп,шахмат,шашкі, тоғызқұмалақ сынды сыйлықтар табысталды. Осылайша, 2019 жылдың жазғы спартакиадасы жоғарғы деңгейде өтіп, өз мәресіне жетті.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here