Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Елдос Сметов пен оның жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевті қабылдады

0 4

Тұрар Рысқұлов ауданының  әкімі Ербо­лат Садырқұлов Жапония елінің аста­насы Токио қаласында өткен әлем чем­пио­на­тында ел қоржынына қола жүлде сал­ған ел мақтанышы Елдос Сметовты ар­найы қабылдап, кезекті жеңісімен құт­тықтады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Елдос сенің мықты балуан еке­ніңді біз жақсы білеміз. Токиода жартылай финалға дейін жоғары дең­гейде күресіп, қарға тамырлы қазақ­тың намыс оты қандай боларын боз­кілемде анық ұқтырдың. Біз сені әрқа­шан мақтан тұтамыз. Жарақаттан аман болғайсың. Жеңісті сәттерің көп бол­сын. Келесі жылы дәл осы шаһарда өте­тін олимпиада ойындарында жеңіс туын желбіретесің деген үміттеміз», — деді Ерболат Салқынбекұлы дзюдошы жігіт­тің қолын ұстап тұрып.

Өз кезе­гінде дзюдодан Қазақстан ұлттық құра­ма­сының белді мүшесі Елдос Сметов үлкен сенім артқан аудан басшысына зор риза­шылығын білдіріп, ел намысы үшін қан­дай қарсылас болса да, бозкілемде тарты­нып қалмайтынын жеткізді. Кез­десу соңында аудан басшысы Ерболат Сал­қынбекұлы Елдостың жеке бапкері Ғалым­жан Жылгелдиевтің иығына қа­зақы оюмен әдіптелген шапан жауып, естелік суретке түсті.
Айту ләзім, Елдос Сметов Токио тата­миінде кувейттік Сауд Әл-Амириді, ита­лия­лық Элиос Ман­зиді, йемендік Али Хоусрофты жеңген бо­латын. Өкінішке орай, ширек финалда жа­пониялық Рюдзу На­гаямадан жеңіліп қал­ды. Жұбаныш бел­де­суінде тайпейлік Ян Юнг Вэйді таза же­ңіп, өзінің әлемдегі тең­дессіз дзюдошы еке­нін дәлелдей білді. Ал қола жүлде үшін бол­ған тартысты бел­десуде отан­да­сы­мыз Ғұсман Қыр­ғыз­баевтан айла­сын асырып, әлем чем­пио­на­тының қола жүл­де­гері атанды.

Айта кетейік, 1992 жылы дүниеге келген Елдос Сметов өзінің спорттық карьерасында көптеген жетістіктерді бағындарды. Атап айтсақ, дзюдодан жастар арасындағы 2010 жылғы әлем чемпионатының алтын медаль иегері. Ол осы категорияда 2013 жылы Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған. Ересектер арасында да Елдос өзінің мықтылығын дәлелдей білген дзюдошы. Бұл сөзімізге араға бір жыл салып яғни, 2014 жылы Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында жеңіп алған алтын жүлдесі анық дәлел бола алады. Сондай-ақ, Елдос Сметов халықаралық «Grand Prix» және «Grand Slam» турнирлерінде үздіктердің үздігі болып жүрген спортшы. Ең бастысы, ол — елорда төрінде дзюдодан 2015 жылы өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Яғни, Елдос Сметов әлем чемпионы атанған қазақтан шыққан тұңғыш дзюдошы. Рио Олимпиадасында ел қоржынына күміс медаль салған Елдос Сметовтың жігерлі жеңісін мұқым қазақ ешқашан ұмытпайды. Ол да бір тарихи сәт болып ел есінде қалары сөзсіз. Жеке бапкері – Ғалымжан Жылгелдиев. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология мамандығын тәмамдаған. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.