Мәдениет қызметкерлеріне қолдау көрсетіледі

0 21

Мәдениет саласының өрісі мен ау­­қымы қашанда кең болып қала бер­­­мек. Елдің рухани дамуы мен ке­мел­денуіне өзіндік үлес қосып келе жат­қан салаға лайықты түрде назар ау­дару — мемлекетіміздің ең маңызды мін­дет­тері­нің бірі болып отыр.

Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев Қазақстан халқына жолдаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қа­зақ­станның тұрақ­тылығы мен өр­кен­деуінің не­гізі» атты Жолдауында аталмыш сала мамандарының жағдайын жақ­сартуға, еңбек ақыларының ұлғаюы­на үлкен мән берді. «Біз мә­дениет саласында жұмыс іс­тейтін аза­маттарға жеткілікті түр­де көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алды­мен, кітапхана, музей, театр қыз­меткерлеріне қатысты мәсе­ле. Олар­дың еңбек ақысы соңғы жыл­дары мүлде көбейген жоқ. Соның сал­­дарынан мәдениет қызметкерлері, әсі­­ресе жас мамандар жеңілдігі бар тұр­­ғын-үй бағдарламаларына қатыса алмайды» — деп мәдениет саласындағы бірқатар маңызды мәселелерге тоқ­талды.

Одан бөлек, ел Президенті аталған мәселелердің әсерінен осы кәсіптің беделі түсіп, жергілікті жерлерде өз ісінің мамандары, лайықты кадрлардың тапшылығы сезіліп отырғанын да жа­сыр­мады. Қасым-Жомарт Кемелұлы мәдениет саласында орын алып отырған олқылықтардың шешу жолдарын айқындап, Үкіметке болашақта іске асырылатын бірқатар тапсырмалар берді. «Келесі жылдан бастап Үкі­мет мәдениет қызметкерлерінің еңбек ақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салала­рындағы міндетті әлеуметтік же­ңілдіктер мәдениет саласының өкіл­деріне де берілуі керек» — деді. Бұл дегеніміз – ұстаздар мен дәрігерлер қауымына жасалған жағдай алдағы уақытта міндетті түрде мәдениет қыз­мет­керлеріне де жасалады деген сөз.

Жолдауда бұдан бөлек өзге де мәселелерге көңіл бөлінген. Атап айтар болсақ, ел Президенті қазақ тарихында ойып тұрып орын алатын Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтетінімізді қадап айт­ты. Мерейтой барысында ысы­рап­шылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуді тапсырды. Сонымен қатар, еліміз үшін ең маңызды мерекенің бірі — Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын өз деңгейінде атап өту үшін, тиісті іс-шараларды бүгіннен бастап іске асыруды ескертті.
Жалпы соңғы жылдары мәдениет саласына айтарлықтай көңіл бөлініп ке­леді. Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаң­ғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдар­лама­лық мақа­лаларының халыққа жол тартуы соның айқын дәлелі. Ал, осы бағдарламалардың сапалы жүзеге асырылуы­на, кеңінен насихатталуына өзіндік үлесін қосып, тынбай еңбек етіп жүрген мәдениет саласының қыз­меткерлеріне Жолдауда лайықты көңіл бөлінуі бізді қатты қуантты. Сол үшін де біз Жолдауға қолдау білдіріп, еліміздің болашағы жарқын болуы үшін аянбай еңбек ететін боламыз.

Нұрдәулет Жамалбеков,
аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.