Мойынқұм ауданында жаңа кітап жарық көрді

0
25

Мойынқұм ауданындағы Ұзақбайқажы Маралбаев 2016 жылы өзінің жазған өлеңдерін топтастырып, алғашқы «Ата сыйы» кітабын шығарған еді. Енді міне Алматы қаласындағы «Infiniline» баспасынан 200 данамен екінші «Жыр жазар ойым тың-түлеткен Мойынқұм» деген атпен екінші кітабы жарық көрді, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.

Қылышбай ауылының тумасы, Мойынқұм ауданының сыйлы  қарияларының  бірі-Ұзақбайқажы Маралбаев бүгінде 80 жастан асқан. Ол ұзақ жылдар әр салада абыройлы еңбек етіп, ауданының  өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосқан жан. Ол зейнетке шыққаннан кейін де қарап отырмай, Қылышбай ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы қызметін 20 жылға жуық абыройлы атқарды. Ауылдың ауызбірлігі, жастар тәрбиесіне байланысты көптеген жұмыстар атқарғанын мақтанышпен айтуға болады.

Ұзақбай Маралбаев ардагер журналист. Бірнеше жыл аудандық «Коммунизм таңы» қазіргі «Мойынқұм таңы» газетінде қызмет етті. Ағамыз зейнетке шыққан соң қайтадан қолына қаламын алып, өлең, арнаулар, ауданның тарихы жайлы жаза бастады. Кейінгі жылдары аудандағы батагөй қариялардың біріне айналды.

-Ұзақбай Маралбаев зейнетке шыққан соң ұзақ жылдар Қылышбай ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы қызметінде болды. Ауыл ғана емес, аудандық іс-шараларға қатысып, имандылыққа бет бұрды. Жастар тәрбиесіне атсалысып, ауылдың бірлігі, елдің ұйытқысы бола білген жан,-дейді аудан басшысы Мәден Тоқтарбайұлы кітапқа жазған тілегінде.

Кітапқа ағамыздың әр жылдары жазған өлеңдері, аудан басшыларына өзінің замандастарына, құда-құдағиларына арнаған арнаулары енген. Сондай-ақ кітаптан әртүрлі баталарды оқуға болады. Кітап ағамыздың әр жылдары түскен түрлі-түсті суреттерімен безендірілген. Кітаптағы «Биназар батыр», «Фурмановка ауылында», «Шаңыраққа құт болсын», «Рухың асқақ, Қайратым», «Әке мен бала қайғысы» атты өлеңдерін тебіренбей оқу мүмкін емес.

Ұзақбай қажы 2017 жылы ауданның бір топ еңбек ардагерлерімен бірге Астанада өткен ЭКСПО-ны тамашалап қайтқаны бар. ЭКСПО-дан алған әсерлерін де ақ қағазғаа өлең жолдарымен түсіріп, кітапқа енгізген.

Кітаптағы автордың өзі жазған жұмбақтары, жас балаларға берілетін атаулар, оқылатын дұғалар мен сүрелер, Мұхаммед Пайғамбардың хадистері оқырман қауымды бей-жай қалдырмасы анық. Кітаптан аудан аумағында мекендейтін аң-құс, балықтарды да оқып, білуге болады.

Ұзақбай Маралбаев өзі бір жылдары еңбек еткен аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің ұжымын да естен шығармаған екен. Басылымның 30 жылдығы (1995 ж) туралы өлеңдері осы жылдар аралығында газетте жұмыс атқарған азаматтармен танысуға да болады.

 

 

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here