Тараздағы ЖД-158/7 мекемесі құқық бұзушылықтың алдын алды

0 0

Тараздағы ЖД-158/7 мекемесі жедел бөлімінің уәкілдері сотталғандарға мобилді құрылғыларды лақтырмақ болған шаһар тұрғынын қолға түсірді. Қылмыстық іс-әрекет бүгін күндізгі 11.00 шамасында орын алған, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Кезекші Қайнар Рахманбердиев бейнебақылау арқылы мекеменің Барболов көшесі бойында қоршау маңын торуылдап жүрген ер азаматты күдікті деп танып, уақыт жоғалтпастан тиісті бөлім қызметкерлеріне хабар береді. Бақылаушылар жүріс-тұрысын назар аудара келе мекеменің 4-ші күзет аумағына қоршау асырып, белгісіз затты лақтырғанын байқаған. №6 жасақтың оқшауланған аумағына бағытталған күмән тудырар зат жедел тәркіленіп, күдікті азамат құрықталды.

Оқиға орнына Тараз қаласы бойынша ІІБ 1 Полиция бөлімінің жедел тергеу тобы шақырылып, лақтырылған қорап ашылды. Шұлыққа оралған қорап ішінде 4 бірдей су жаңа ұялы телефон бар екендігі анықталып отыр. Осыған байланысты 25 жасар тараздық тұрғынға С.К.П. қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 481 бабына сәйкес жазалау мақсатында іс сотқа жолданбақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.