Демалыс күндері еліміздің басым бөлігінде жауын жауады — Қазгидромет

0 0

«Қазгидромет» РМК директоры Данара Әлімбаева алдағы демалыс күндері ауа райы қандай болатынына қатысты болжамымен бөлісті, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Алдағы 24-26 шілдедегі демалыс күндерінің ауа райына келер болсақ, Қазақстан аумағының басым бөлігінде ылғалды және салыстырмалы түрде салқын ауа массасын әкелетін антициклон қалыптасады. Тұрақсыз ауа райы күтілуде. Еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде күн күркіреп, дауылды жел мен қатты жаңбыр күтіледі. Бұршақ түсуі де ықтимал. Тек республиканың батыс аймақтарында күн ашық болады», — деді Данара Әлімбаева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша ауа райы оңтүстік және оңтүстік шығыста 30-39 градус, Маңғыстау облысының оңтүстігінде 43 градуске дейін ыстық ауа райы сақталады. Қазақстанның шығысында 25-30 градус, оңтүстік 33 градусқа дейін барады. Республиканың батысы мен солтүстігінде ыстық аздап басылады. Батыста 22-31 градус аралығында, солтүстік жартысында ауа райы 20-25 градус болып, салқындайды.

— Алдағы күндерде елордада жаңбыр күтілуде. 24-25 шілдеде кейде күн күркіреп, күші 15-20 м/с болатын жел мен қатты жаңбыр болатыны болжанады. Бұршақ жаууы да ықтимал. Ауа температурасы түнде 16-18 градустан 12-14 градусқа дейін, күндіз 22-24 градустан 20-22 градусқа төмендеуі болжанады. Алматыда найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады. Найзағай болған кезде желдің секундына 12 метрге дейін күшейетіні күтіледі. 26 шілдеде ауа райы жауын-шашынсыз болады, — деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.