Жуалылық жомарт жан ауданның орталық ауруханасына жылжымалы реанимация автокөлігін сыйға тартты

0 0

Жуалы аудандық орталық аурухана су жаңа көп бейінді жылжымалы реанимация автокөлігімен толықты, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Жуалы ауданының тумасы, бүгінде Малайзия мемлекетінде табысты еңбек етіп жүрген кәсіпкер, халықаралық «Kusto Group» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Талғат Тұрымбаев құны 40 миллион теңгенің реанимациялық жылжымалы автокөлігін өз қаражатына сатып алып, мекемеге сыйға тартты.

 

Айта кету керек, 2002 жылы құрылған «Kusto Group» халықаралық компаниясы әлемнің 10 елінде — Канада, Қытай, Грузия, Израильде, Қазақстанда, Ресейде, Сингапурда, Түркияда, Вьетнамда, Украинада даму, құрылыс материалдары, мұнай өндіру, жаңа пішімді “Compass” жанармай құю желісін дамыту, ауыл шаруашылығы секторларындА барлығы 30 компания бар десек, онда 8000 қызметкер жұмыс істейді.

Компанияның басым бағыттарының бірі – қайырымдылық қызметі. Компанияның «Kusto help» қайырымдылық қоры әсіресе, аса көп зардап шеккен халықтың ең осал топтары мен медицина қызметкерлеріне бірінші кезекте қол ұшын беріп келеді.

— «Туған жерге туың тік» деген қағиданы жадына берік тоқыған жуалылық меценат кәсіпкер, компания басшысы коронавирус пандемиясы өршіп, індетке қарсы дәрі-дәрмек тапшылығы сезілген тұста жерлестерінің өмірі мен денсаулығына араша түсуді ойлап, аудандық ауруханаға құны 20 миллион теңгенің дәрі-дәрмектерін, медицина қызметкерлеріне арналған жеке бастың қорғаныш құралдарын, 30 оттегі баллонын сатып әперіп, жұқпалы аурулар бөліміне оттегі жеткізу жүйесін құрып берген болатын. Соның арқасында індет жұқтырған жуалылықтарға ем-дом көрсетуде елеулі қиындық бола қойған жоқ, — дейді мамандар.

Шарада Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жиналғандарды осынау қуанышты сәтпен құттықтай келе, індет кең таралған кезде уақытпен санаспай, өз басын қатерге тігіп, халықтың өмірі мен денсаулығына қамқор бола білген дәрігерлер қауымына алғысын білдірді. Келесі кезекте елден жырақта жүрсе де, халқын бір сәт ұмытпаған жомарт жүректі азамат меценат кәсіпкер Талғат Ералыұлына жерлестерінің атынан алғысын жеткізді.

Жиынға арнайы келіп қатысқан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының өкілдері Талғат Мықтыбеков пен Дәурен Ахметбеков, аудандық еңбек және соғыс ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын жақсарып, барлық дерлік елді мекендерде медициналық мекемелердің заманауи жабдықтармен толығып жатқанын айта келе, меценат кәсіпкер Талғат Ералыұлына​ ​ кәсіпкер сыйға тартқан реанимобильдің тұрғындардың игілігіне ұзақ қызмет етуіне тілектестігін білдірді.

Реанимобильді Алматыдан Жуалыға жеткізіп берген «Kusto Group» компаниясының Қазақстандағы және Орталық Азиядағы өкілдігінің бас директоры Анаил Быков пен өкілдік бас директорының орынбасары Әділет Ғабитұлына аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.

«Kusto Group» компаниясының​ Қазақстандағы және Орталық Азиядағы өкілдігінің бас директоры Анаил Быков кәсіпкер жуалылықтардың көзайым қуанышына ортақтастығын білдіре келе, Талғат Тұрымбаевтың жерлестеріне құттықтау сөзін жеткізе отырып, алдағы уақытта компаниядан Жуалыға қосымша тағы да цифрлық жылжымалы диагностикалық қондырғы жеткізілетінін айтты.

Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нарбай Әбілқасымұлы жерлестерінің атынан Атымтай жомарт кәсіпкер Талғат Ералыұлына естелік ретінде Жуалы халқының ризашылығы жазылған папка мен жергілікті қолөнер шеберлері тоқыған даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының бейнесі бедерленген кілем-портретті сыйға тартты.

Шара соңында «Kusto Group» компаниясының​ Қазақстандағы және Орталық Азиядағы өкілдігінің бас директоры Анаил Быков аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нарбай Әбілқасымұлына заманауи көпбейінді жылжымалы реанимациялық автомобильдің кілтін салтанатты түрде табыс етті.​ ​

Leave A Reply

Your email address will not be published.