Сәкен Арубаев мектептердің қысқа дайындық барысын қадағалады

0 3

Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев пен аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков білім ордаларының қысқы маусымға дайындық барысын тағы бір қарап шықты, деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттіігі.

Жауынымен жарылқайтын күз мезгіліде келіп жетті. Алдымызда қылышын сүйреткен желтоқсан айы «Дайындығыңды аязда көрейін» деп сын садағымен сұлатуды мақсат етіп отыр. Қамдану әрекеттену, әзірлену қажет. Айту бір басқа да, оны орындаудың жөні бір бөлек. Расында, мектеп қысқы маусымға дайын ба? Жылыту қазандықтары сақадай сай ма? Дәстүрлі түрде білім алып жатқан оқушылардың жайы қалай? Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін санитарлық-гигиеналық тазалығы қадағаланған ба?

Осы сауалдарға жауап іздеген аудан басшысы Сәкен Қаланұлы бастаған топ Аса ауылындағы №1 орта мектепке табан тіреген аудан басшылары дезинфекциялық тоннелден бастап, білім ордаларының пән кабинеттерінде аралады.

Мектеп директоры Байыржан Валиев, аудан басшысына білім ошағы ызғарлы маусымға тыңғылықты әзір екенін, бүгінде 825 оқушы қашықтықтан, 92 оқушы дәстүрлі түрде оқып жатқанын, тазалыққа баса мән берілгенін, тәрбиеленушілерге арналған бетперде қорлары барлық пән кабинеттерінде бар екенін жеткізді.

Бұдан бөлек мұғалімдер арақашықтықты сақтау әдісі арқылы партаға бір оқушыдан отырғызып сабақ өтетінін, мектепке ену үшін оқушының толық аты-жөнін саусақ іздері арқылы анықтайтын турникеттің орнатылғанын айтқан директордың жұмысына аудан әкімі Сәкен Қаланұлы риза көңіл танытты.

Әйтсе де, мектеп қабырғалары мен қоршаулардың түсіне өң беру, ашық түстерге сырлау, мектеп қабырғаларына оқушылардың көзіне түсетін қанатты сөздер немесе ұлы тұлғалардың суртін орналастыру қеректігін алға тартты.

Мұнан соң аудан басшылары Қырғыз елімен шекаралас жатқан Қаратау ауылы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке келді. Мектеп директоры Айсұлу Перменованың айтуынша, Аты жаман індеттен сақтану мақсатында жадынама парақшалары көрнекі жерлерге ілінген. Бүгінде 153 оқушы мектепте оқытылуда. Жылыту қазандықтары толықтай жұмыс жасап тұр.

Пән кабинеттерін аралаған аудан әкімі Сәкен Арубаев шахматтан мектеп үздігі атанып жүрген балғынмен кездесу ойынын өткізіп, жас буынның шеберлігіне таңданысын жасырмады.

Түс ауа алқалы топ Жасөркен ауылы М.Әуезов атындағы орта мектептің тыныс-тіршілігімен танысты. Мұндада жылыту маусымына дайындық жұмыстары назардан тыс қалмады. Әжетхана, спорт зал, пән кабинеттерін тексерілді. Мектеп директорының міндетін атқарушы Замзахан Тойынбекова 352 оқушы тәлім алып жатқанын айтты.

– Ертеңді ертеден ойласақ, көптеген кемшілік, жөнсіз олқылық төбе көрсетпейтін еді. Әсіресе, білім алушылардың өрісін кеңейтіп, танымын тереңдетуге ауа райының қолайсыздығы септігін тигізбеуі қажет. Мұнан бұрын әлемді әбігерге салған індеттің жүктеген міндеттері де, санитарлық талаптарда мұғалімдердің жіті бақылауында болғаны дұрыс. Тағы бір айта кететін жайт, мектеп ішіне бас сұққан оқушының ізденісін яки білімге деген құштарлығын оятатын ұлағат иелерінің қанатты сөздері, тәрбиеленушілер қызығатын портреттерді орналастыруды қолға алуымыз қажет, – деді аудан әкімі Сәкен Қаланұлы мектеп басшылықтарымен кездесу кезінде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.