Сарысу ауданына «Qazaqstan dauiri» газетінің директоры Сәуле Мешітбайқызы іссапармен келді

0 8

Сарысу ауданына «Qazaqstan dauiri» газеті ЖШС-нің директоры Сәуле Мешітбайқызы жылдағы үрдіс бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі және «ЕлАна» сайтымен бірлесіп экспедиция ұйымдастырып келді, деп хабарлайды “ZhambylNews” АА.

Экспедиция еліміздің әр облыс, ауданын аралап аймақ тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді анықтап оны тиісті мекемелерге жеткізу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Сарысулықтар Еланасын Жаңатас қаласына кіре беріс ауданның төлқұжаты орналасқан жерден қарсы алды. Аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей және аудандық мәслихат хатшысы Сағынбек Бегеев аудан тарихымен таныстыра отырып, Байқадам ауылдық округінде орналасқан Шоқай Датқа кесенесіне қарай жол тартты.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» кемел бағдарламасын ұсынған болатын. Мақаладағы «ұлттық бірегейлікті сақтау» атты екінші бағытта ортақ тіл, мәдениет, тарих – бұлар барлық заманда да қуатты мемлекеттің іргетасы екеніне ешкім дау туғызбаса керек. Елбасының ұлттық рух туралы ұсынған тезисі ұлы дала елін дамытудың басты қозғаушы күшіне айналды. Жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу білім саласымен ұштасып жатқандықтан, бұл істі жаңашылдықпен қолға алу керек. Елбасының қолға алуды ұсынған «туған жер» бағдарламасы аясында игі істер атқарылып келеді. Күнгейі мен теріскейінде жоталы қырлары, кез-келген тасының түбінен мөлдір бұлағы жылғалай ағатын қасиетті қарт Қаратаудың қойнауы тұнған тарих. Ғасырлар тереңінен тамыр тартатын қазақ тарихының талай тағдырлы оқиғалары мен сырлы шежірелерінің тірі куәсі бұл қасиетті өңір.

Ең әуелі Ысты-Тілік баба ұрпақтары Шоқай датқа Қарабекұлының кесенесінде болды. Ұйым ауылдық кітапханасының кітапханашысы Г.Сембекова мемлекетіміздің қорғауындағы архитектуралық ерекшелігі мол Шоқай датқаның өмірдерегімен таныстырды.

Сәулет өнерінің көрнекті туындысы болып саналатын бұл сағанада 19 ғасырда өмір сүрген белгілі тарихи тұлға Шоқай датқа Қарабекұлы жерленген. Ол қара қылды қақ жарған әділдігімен, ауыздыға сөз бермес шешендігімен кеңінен танылған, жастайынан ел басқару ісіне араласып, рулар мен тайпалар арасында ғана емес, көрші жатқан туыстас елдер арасында мәмілегерлігімен аты шыққан қайраткер. Тарихымыздан белгілі, 19 ғасырдың екінші жартысына дейін Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймағы Қоқан хандығының ықпалында болды. Қаһарлы Қоқан ханы болған Омар, одан кейін Құдияр қазақтарға олардың арасынан шыққан беделді, ел арасында қадірі асқан ықпалды тұлғалар арқылы басшылық жасады. Қаратаудың теріскейіндегі қазақ елінің беделді, билікке араласа бастаған жас Шоқайға Қоқан билеушілерінің қалауы түсіп, оған хан сарайының лауазымды қызметі – датқа атағы берілді. Шоқай датқа Қарабекұлы Құдияр ханға және оның шылауындағы зорлықшыл топқа емес, өзінің халқына қалтқысыз адал қызмет етті. Қоқан хандығында қызметте жүріп Шоқай датқа қазақ халқының дербес дамуын, тәуелсіздігін армандады және осы жолда күресті, өмірін арнады. Қоқан ханы Шоқай датқаны сарайына алдап шақырып алып, үзеңгісіне у жағып, қастандықпен өлтірді. Шоқай датқа – өз туған халқына адал қызмет етіп, сол жолда мерт болған жан. Тәуелсіздік алғаннан соң Шоқай датқа өмір жолы зерттеле бастады.

2001 жылы оның туғанына 200 жыл толуына байланысты салтанатты іс-шаралар Сарысу ауданында аталып өтті. Кесенесінің қарсы оңтүстік бетінен еңселі ескерткіш орнатылды.
Кесене барған қонақтар Ш.Датқа өмірімен танысты. Сонымен қатар, баба кесенесінің басында рухына бағыштап құран оқылды.

— Қазақстан егемендік алғалы бері өткенімізді тану үрдісі басталып отыр. Тарих қойнауындағы ұлы тұлғалар көріне бастады. Атадан қалған осынау ұлан-байтақ жерді кімдер бізге сыйға тартып отыр дегенде әр аймақта өмір сүрген бабаларымыз еске түсері анық. Менің бүгінгі сапарымды осындай тарихи сәтпен басталуының өзі маған үлкен күш беріп отыр. Кесененің айналасының тазалығы, оны таныстырушы кітапханашы қызымыздың сауаттылығы мені тәнті етті. Ойымды дөп басқандай осындай рухани байлық сый еткендеріңіз үшін рахмет!- деп берері мен, көргені көп қадірлі апамыз ағынан жарылып, балаша қуанғанын жасырмады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.