Мектептен соң қайда барамын және кім боламын? — түлектер тәжірибесімен бөлісті

0
38

Тараздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түрлі жылдардағы түлектері «Менің мамандығым – менің болашағым!» атты кездесу барысында шет елдік және отандық ЖОО-на түсудің қыр-сырымен бөлісті, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Кездесу мектептің 10-12 сынып оқушыларының қатысуымен өтті. Өздерінің құнды ойларын Айдана Смат (City University of Hong Kong), Дайана Бестерекова (Minerva Schools at KGI), Нұртөре Амангелді (Назарбаев Университет), Қымбат Халымбетова (Астана IT Университет), Тараз қ. NIS 12-сынып оқушысы Лаура Алимкулова, Ахмет Болат (Rhein-Waal University) және Орал қ. NIS түлегі Шымболат Тналиев (The University of Virginia) ортаға салды.

Түлектердің басым көпшілігі университеттің барлық талаптарымен танысып, барлық қажетті құжаттарды, ұсыныс хаттар мен эсселерді жинап үлгеру үшін өтініш беру процесін оқу бітіргенге дейін екі жыл бұрын бастауға кеңес берді.

– Тараздағы зияткерлік мектебінде оқушыларды кәсіби бағдарлау жұмысы 7-сыныптан басталады. Бұл оларды мамандық пен ЖОО таңдаудың маңыздылығы туралы хабардар етіп қана қоймай, оқушылардың еңбекке деген оң көзқарасын, оның адам өміріндегі және қоғамдағы рөлін түсінуін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті мектептің кәсіби бағдар беру жөніндегі кеңесшісі Индира Абсадикова.

Айта кетейік, Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін жеті жыл ішінде 600 оқушы бітіріп шықты. Бүгінде олар Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай, АҚШ, Сингапур, Оңтүстік Корея, Венгрия, Польша, Италия, Испания және Германияның ірі жоғары оқу орындарында білім алуда. Жыл сайын түлектердің шамамен 95 пайызы білім беру гранттарының иегері атанады.

Биыл мектепті тағы 119 оқушы аяқтағалы отыр. Алдын ала деректер бойынша олардың 50 пайызы Назарбаев Университетіне түсуді жоспарлауда.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here