Байзақ ауданында 59,1 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған

0 1

Биыл Байзақ ауданында 59,1 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда жаздық масақты дақылдар – 5,8, көп жылдық шөп – 1,9, көкөніс – 1,7 мың гектар алқапқа егілген, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Байзақ ауданындағы «Бапыш Сейсенбай» шаруа қожалының басшысы Мақсат Рәпілбековтың айтуынша, қожалықтың құрылғанына отыз жылға жуықтапты. Қазіргі таңда оның 1645 гектар егістік жері бар. Негізінен бидай, арпа мен көпжылдық шөп, бір сөзбен айтқанда мал азығын дайындаумен айналысады. Мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтың бір мыңға тарта мүйізді ірі қарасы, 1368 бас жылқысы, 60 бас түйесі мен 6 мыңнан аса қойы бар. Шаруашылық жыл сайын мал азығының екі жылдық қорын жинап алатындықтан, биыл жемшөптен аса қинала қоймапты. Қожалық басшысы жастардың ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеуге құлықсыздығын, маман тапшылығын, әсіресе механизаторлардың жетіспейтінін айтты.

Қожалықтың егістік алқабымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Берік Нығымашев «Осындай ірі шаруа қожалықтың арпа, бидай себумен ғана шектеліп қалғаны дұрыс емес. Басқа дақылдарды егу тәжірбиесін шаруашылыққа енгізу керек. Егер жастарды жұмысқа тартқың келсе, жұмысшылардың еңбек жалақысын көтеру керек. Сөйтіп қана жастарды жұмысқа қызықтырып, еңбекке тарта аласың. Қалай болса да жастарды жұмысқа көптеп тарту керек», — деді Берік Болатұлы.

Ал Диқан ауылдық округінде 22 ұсақ шаруа қожалықтың басын құрап отырған «Жетітөбе ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Гүлханыс Нұржігітованың айтуынша, кооперативке енген қожалықтар қант қызылшасын себу жұмыстарын бастап кетіпті. Былтыр кооператив 100 гектарға қант қызылшасын сепкен болса, биыл оның көлемін тағы жүз гектарға көбейтпек екен.

Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығымашев ауа райының қолайсыздығына қарамастан көктемгі дала жұмыстарының барысымен таныса келіп, биыл облыстық ауыл шаруашылығы алға қойған жоспар орындалып, аймақтың азық-түлік белдеуі жылдағыдай қалыптасады деген сенімде екендігін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.