1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Тараз қаласында инклюзивті ойын алаңы ашылды

0 12

 Бүгін облыс орталығындағы  Тұңғыш Президент саябағының жанында балалардың инклюзивті ойын алаңы ашылды. Аталған нысанның құрылысын Жамбыл облысы әкімдігі мен серіктестерінің қолдауымен «Дара» қайырымдылық қоры жүргізген,-деп жазады «Zhambylnews»АА.

Инклюзивтік ойын алаңшасының бірегейлігі-оның барлық компоненттері әмбебап дизайнды және отандық өндіруші кедергісіз орта талаптарын ескере отырып арнайы әзірленген. Жаңа алаңның ойын элементтері – әткеншек, құмсалғыш, төбешік, интерактивті панельдер көптеген басқа элементтер барлық балаларға қызықты ойнау үшін жобаланған. Инклюзивті алаңы балалардың бірге белсенді уақыт өткізіп, олардың дамуына оң үлесін тигізеді. Ойын алаңы қаланың ашық аумағында орналасқан. Бұл алаң даму ерекшеліктерімен балалардың қажеттіліктерін ескере отырып, қалалық инфрақұрылымды жақсартудың үлгісі бола алады.

– Шығармашылық және физикалық дамуы үшін балаларға барлық мүмкіндіктер жасалуы тиіс. Бұл орайда ешқандай кедергі болмау керек. Осындай ерекше ойын алаңдарының ашылуы инклюзивті қоғам дамуындағы үлкен қадам болып табылады.  Алаң өте ыңғайлы жерде орналасқан. Көп ұзамай балаларға жайлы және қауіпсіз болуы үшін  айналаны абаттандыру жұмыстары басталады. Сондай-ақ, қала басшылығы мұндағы жабдықтардың  сақталуын қадағалап отыруы керек, – деді нысанның ашылуына қатысқан облыс әкімі.

Аталған қор Тараз қаласының №20 орта мектебінің базасында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жобасын жүзеге асырған. «Дара» қорының жоба менеджері Сәуле Бексұлтанова түзету кабинеті жыл сайын әр түрлі даму кемістігі бар 150-ден астам балаға қызмет көрсете алатындығын атап өтті. Нысандағы Монтессори бөлмесінде (тақырыптық аймақтарға бөлінген және әртүрлі дидактикалық материалдармен толтырылған) балалар емдік жаттығулармен шұғылданып, байланыстың балама құралдарын да қолдана алады. Оларға психолог, логопед, дефектолог, аудиолог және педагог қызметтері ұсынылады.

– Мұндай түзету кабинеттерінде білім алатын балалар орта мектептердегі балалармен бірге оқуға дайын болады. Түзету көмегіне жүгінген олар шығармашылық тұрғыдан дами түседі. Мұның бәрі болашақта олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына ықпал етпек. Облыс орталығында мұндай екі ғана кеңсе бар десек, біз олардың санын арттырып, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту үшін барлық жағдайдың жасалуын қамтамасыз етуге жұмыс істейтін боламыз, – деді облыс әкімі.

Дереккөз: облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.