Таразда үш спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр

0 7

Таразда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында үш спорттық-сауықтыру кешені салынуда. Құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталып, нысандар халық игілігіне берілмек,-деп  хабарлайды   “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Бүгінгі таңда облыс орталығында 552 спорт нысаны, соның ішінде спорт алаңдары бар. Ағымдағы жылы Таразда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында үш спорттық-сауықтыру кешені салынуда. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған десек, жоспар бойынша қараша айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Атап айтсақ, жоғарыда айтылған үш кешеннің біреуі облыстық мамандандырылған №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, екіншісі №2 спорт мектебінің, үшіншісі «Жекпежек» жекпе-жек спорт клубының базасында бой көтеруде. Нысанда балаларға барлық жағдай жасалуда: кең залдар, шешінетін бөлмелер мен душ бөлмелері салынбақ.

Бір спорт кешені 400-ге жуық адамды қабылдай алады. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков спорт нысандарын аралап көрген аймақ басшысына балалардың футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, жекпе-жектер, каратэ және таеквондомен айналыса алатынын жеткізді.

— Спорттық ғимараттар ашық, кең және жылы болуы керек. Мұнда балалар өздерін жайлы сезінулері тиіс. Нысандардың қаланың әр аумағында салынып жатқандығы қуантады. Барлық балалар өздерінің сүйікті спорт түрлерімен ыңғайлы жағдайда шұғылдана алады. Тағы 10 спорт кешені облыс аудандарында салынуда. Бұған дейін атап өткенімдей, спорт бұқаралық әрі қол жетімді болуы тиіс. Сонымен қатар, спорттық және мәдени нысандардың көптеп ашылуы өскелең ұрпақты бала кезден тәртіпке баулуға және жақсы дәстүрге тәрбиелеуге мүмкіндік береді, — дейді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы келесі кезекте «Ұлан» стадионында болды. Онда стадиондағы қайта жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатқандығы жайлы баяндалды. Құрылысшылар мұнда стендтерді, жүгіру жолдары мен футбол алаңдарын жаңалауда. Сондай-ақ, стадионда жекпе-жек залы салынуда.

Болашақта стадионда футбол, жеңіл атлетика, еркін күрес, дзюдо, армрестлинг, каратэ және бокс сынды бірден 7 спорт түрі қатар дамымақ.
Қалпына келтіру жұмыстарына қаражат «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінген.

Ал үшінші нысан облыстық мамандандырылған №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде. Мұндағы теннис корттары күрделі жөндеуден өтуде. Кешен төрт ашық және екі жабық теннистік корттан тұрады.

Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, жамбылдықтар арасында да үлкен тенниспен айналысушылар көбейіп келеді. Бүгінгі таңда өңірдің екі спортшысы ұлттық теннис құрамасының мүшелері. Болашақта «Тараз-Арена» спорт кешенінің жанынан теннис корттарын ашу, 6 теннис кортын жөндеу шаралары жүргізілмек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.